Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 2025 жылы медициналық ұйымдарға 60 дәрігер және орта буындағы 96 маман жұмысқа қабылданған. Соған қарамастан, ауылдық жерлерде дәрігер кадрларына сұраныс әлі де бар – 47 маман жетіспейді.
Жыл соңына дейін Райымбек ауданының Нарынқол ауылында және Жамбыл ауданының Ұзынағаш ауылында екі жаңа емхана пайдалануға беріледі. Бұған қоса, Алатау, Қоянқұс, Қонаев және Қаскелең қалаларында тағы төрт емхананың жобалық құжаттары әзірленіп жатыр.
Сонымен қатар Еңбекшіқазақ және Жамбыл аудандық орталық ауруханаларында күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Ал Қарғалы және Нарынқол ауылдарындағы медициналық нысандарды қайта жаңарту жобалары дайын.
Өңірде денсаулық сақтау саласын цифрландыруға да айрықша көңіл бөлінуде. Денсаулық сақтау министрлігі бастамасымен «Онлайн медицина» пилоттық жобасы іске қосылды. Жоба Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Балқаш аудандарында және Қонаев қаласында жүзеге асырылуда.
Бағдарлама аясында облыстың 14 шалғай елді мекенінде мобильді диагностикалық кешендер орнатылды. Олар телеметриялық ЭКГ құрылғылары мен қашықтан кеңес беруге арналған цифрлық платформалармен жабдықталған.
Жобаның басты мақсаты – тұрғындарға медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру, қызмет сапасын жақсарту және ауруларды ерте анықтау. Бұл мүмкіндік дәрігерлерге бейінді мамандармен онлайн форматта кеңес өткізіп, пациенттерге қашықтан диагностика жасауға және үй жағдайында мониторинг жүргізуге жол ашады.
Аталған 14 елді мекен аудандық ауруханалардан 15–150 шақырым қашықтықта орналасқан. 15 қыркүйек пен 3 қазан аралығында тұрғындарға 3243 онлайн медициналық қызмет көрсетілген. Оның ішінде 602 ЭКГ-зерттеу және 2605 терапевт кеңесі бар.
Мұндай жаңашыл шаралардың арқасында облыста алғашқы медициналық-санитарлық көмек жүйесі нығайып, шалғай елді мекен тұрғындарына сапалы әрі жедел қызмет көрсетудің жаңа мүмкіндіктері ашылуда.





