Қонаев қаласында Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелеріне жаңа өрт сөндіру және құтқару техникасын табыс ету рәсімі өтті. Салтанатты іс-шарада көліктердің кілтін Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі, генерал-майор Шыңғыс Әрінов табыс етті.
Шараға Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев те қатысып, өңір құтқару қызметінің материалдық-техникалық базасын жаңартуға ерекше мән беріліп отырғанын атап өтті.
Бұл жолы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің автопаркі заманауи өрт сөндіру автоцистерналарымен, жедел қызмет көліктерімен, сорғы-жеңқұбырлы құрылғылармен және тіпті квадроциклмен толықты. Жаңа техникалар өңірдің географиялық және климаттық ерекшеліктері, таулы аймақтардағы қолжетімділік жағдайы мен қызмет алдында тұрған нақты міндеттер ескеріле отырып таңдалған.
«Бұл өңірлік бөлімшелерді біріздендірілген стандарттармен жарақтауға бағытталған ведомстволық бағдарламаның бір бөлігі. Енді құтқарушылардың техникасы, жұмыс тәсілдері мен стандарттары еліміздің барлық өңірлерінде біркелкі болады», – деді Шыңғыс Әрінов.
Министр атап өткендей, жаңа техникалар төтенше жағдайлар кезінде жедел әрекет ету мен қауіпсіздікті қамтамасыз етудің тиімділігін едәуір арттырады. Заманауи жабдықтар апатты жағдайларда құтқарушылардың жұмысын жеңілдетіп, оқиғаларға ден қою уақытын қысқартады.
Өңір басшысы Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, соңғы жылдары Алматы облысында төтенше жағдайлар қызметінің инфрақұрылымын нығайтуға айрықша көңіл бөлінуде. Жаңа депо ғимараттары салынып, арнайы техникамен қамтамасыз ету ісі кезең-кезеңімен жүргізілуде.
Құтқарушылар үшін жаңа техниканың табысталуы олардың кәсіби міндеттерін сапалы орындауға, тұрғындардың қауіпсіздігін күшейтуге және табиғи немесе техногендік апаттардың зардабын азайтуға мүмкіндік береді.
Алматы облысы төтенше жағдайлар қызметі бүгінде өңірдің тыныштығы мен тұрғындардың қауіпсіздігі жолында тәулік бойы еңбек етуде. Жаңа техника олардың жұмысын тиімді әрі нәтижелі етуге сеп болмақ.
Қонаев қаласында өткен бұл іс-шара – төтенше жағдайлар саласының материалдық-техникалық әлеуетін нығайту бағытындағы маңызды қадам. Заманауи техниканың арқасында облыс құтқарушылары төтенше оқиғалар кезінде жедел әрі үйлесімді әрекет ете алады.





