Бұрын донор аудандар қатарына тек Іле және Қарасай аудандары кірсе, бүгінде оларға Қонаев қаласы, Еңбекшіқазақ және Талғар аудандары қосылды. Осылайша, бюджеттік алып қоюларды қамтамасыз ететін аумақтар саны екіден беске дейін артты.
2025 жылға жоспарланған бюджеттік алып қоюлардың жалпы көлемі шамамен 298 млрд теңгені құрайды. Бұл көрсеткіш аталмыш аудандардың салықтық әлеуетінің жоғары екенін және облыстық бюджеттің кіріс бөлігін қалыптастыруда маңызды рөл атқарып отырғанын көрсетеді.
Алдағы үш жылдық кезеңге арналған бюджет саясаты аясында Жамбыл ауданын донорлар қатарына қосу жоспарлануда. Сондай-ақ, өнеркәсіптік әлеуеті қарқынды дамып келе жатқан Алатау қаласының болашақта донор аумаққа айналу мүмкіндігі қарастырылып отыр. Қазіргі динамика сақталған жағдайда, облыстағы төрт дотациялық ауданнан өзге барлық өңірлер өз-өзін қамтамасыз ететін, аймақтық экономиканың тірегі саналатын донор аумақтар қатарына қосылмақ.
Сонымен қатар, облыс кірістерінің тұрақты өсімі де ерекше назар аудартады. 2024 жылы Алматы облысының кірістері 130%-ға, яғни 120 млрд теңгеге артты. Биыл да оң динамика жалғасуда – 2025 жылдың алғашқы бес айының қорытындысы бойынша бюджетке жоспардан тыс 44 млрд теңге қосымша түсім тарту көзделуде.
Егер салықтық түсімдердің өсу қарқыны осы деңгейде сақталса, 2029 жылдан бастап Алматы облысы алғаш рет республикалық бюджетке алып қою жүргізетін донор өңір мәртебесін алуы мүмкін. Бұл – облыстың қаржылық дербестігі мен экономикалық тұрақтылығының жаңа кезеңге қадам басқанын білдіретін маңызды көрсеткіш болмақ.





