Облыстық білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен 2022–2025 жылдары өңірдегі тоғыз ауыл мектебі толық жабдықталған. Мектептерде кабинеттер жаңартылып, заманауи білім беру жабдықтары орнатылған. Бұл ауылдық елді мекендердегі балалардың да қала мектептеріндегі оқушылармен тең деңгейде сапалы білім алуына мүмкіндік берді.
Сонымен қатар жаңа оқу орындарында олимпиадалық дайындық кабинеттері, коворкинг-аймақтар және қосымша білім беру студиялары ашылды. Мұндай инфрақұрылым оқушылардың жобалық жұмыс жүргізуіне, жеке және топтық сабақтарға қатысуына және интеллектуалдық жарыстарға жоғары деңгейде дайындалуына жағдай жасайды.
Білім басқармасында атап өткендей, кадрлық әлеуетті арттыру да басты назарда. 2025 жылы өңірде 8 мыңнан астам педагог қайта даярлау және біліктілікті арттыру курсынан өтеді деп жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде 7 159 мұғалім жетекші оқу орталықтарының базасында оқытылған. Бұл – заманауи әдістемелерді енгізуге және оқу жетістіктерін жақсартуға ықпал ететін маңызды қадам.
Өңірдегі түлектердің нәтижелері де оң динамиканы көрсетеді. 2025 жылы мектеп бітірген 17 940 түлектің 7 681-і (44%) мемлекеттік грантқа ие болды. Сонымен қатар 1 432 оқушы «Алтын белгі» иегері атанып, тағы 1 513 түлек үздік аттестат алған.
Мамандардың айтуынша, Алматы облысында білім саласының дамуы үш бағыттың — инфрақұрылымның жаңаруы, мұғалімдерді даярлау және дарынды балаларды қолдау — бір жүйеде жұмыс істеуінің нәтижесі. Дәл осы модель өңірдің мектептік білім бойынша елдегі жетекші аймақтардың біріне айналуына мүмкіндік беріп отыр.






