Биылғы байқауда Алматы облысының намысын Қарасай ауданы, Қаскелең қаласынан шыққан Бекдайырлар әулеті қорғап, үздік атанды. Бұл өнегелі жанұя ұлттық өнер мен дәстүрді бірнеше буын бойы жалғастырып келе жатқан еңбексүйгіш әулет ретінде танылды.
Әулет басшысы Қоңыр Бекдайыр — зергерлік өнердің шебері, күміс әшекей бұйымдарын жасаумен айналысады. Оның жұбайы Анаргүл Бекдайыр ұлттық киім тігу ісінің шебері ретінде танылып, қазақы нақыштағы киім үлгілерін заманауи сәнмен ұштастырып келеді. Ал олардың балалары да ата жолын жалғап, шығармашылық бағытты таңдаған.
«Бұл жеңіс – тек біздің отбасымыздың емес, ұлттық өнерді, дәстүрді, еңбекті құрметтейтін барша қазақстандықтардың ортақ қуанышы. Біз ата-баба жолын сақтап, ұрпаққа өнеге қалдыруды өзіміздің басты парызымыз деп білеміз», – дейді Қоңыр Бекдайыр.
«Мерейлі отбасы» байқауы жыл сайын ел ішінде үлгі тұтарлық әулеттерді анықтап, отбасылық құндылықтар мен дәстүрді дәріптеуді мақсат етеді.
Қолөнерді өмірлік мұраға айналдырған Бекдайырлар отбасының бұл жетістігі — Алматы облысының ғана емес, барша қазақстандықтардың мақтанышы.
Жерлестеріміз – Бекдайырлар әулетін шын жүректен құттықтаймыз!
Олардың өнегелі еңбегі мен ұлттық өнерге деген сүйіспеншілігі көпке үлгі болсын!





