Сапардың алғашқы нысаны – Талғар ауданындағы №2 «Алмалы» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі болды. Мұнда грек-рим күресі бойынша жасөспірімдер арасындағы халықаралық турнирдің салтанатты ашылуы өтті. Жарыс 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегерлері – қазақстандық Нұрбақыт Теңізбаев пен қырғызстандық Қанатбек Бегалиевтің құрметіне арналды. Спорт саңлақтарының турнирге тікелей қатысуы шараның мәртебесін ерекше арттырды.
Сөз сөйлеген облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Қазақстан мен Қырғызстан халықтарының ғасырлар бойғы достығы мен рухани байланысын атап өтті.
«Бұл турнир тек спорттық дода ғана емес, қос ел арасындағы бауырластық пен өзара түсіністіктің жарқын көрінісі. Осындай жарыстар жасөспірімдердің ынтасын арттырып, олардың халықаралық деңгейде шыңдалуына жол ашады», – деді әкім өз сөзінде.
Ол жас спортшыларға табандылық пен сенім тіледі және жастар спортына жүйелі қолдау көрсету ел болашағына салынған инвестиция екенін атап өтті.
Іле ауданындағы маңызды жобалар
Сапардың келесі бағыты – Іле ауданы. Мұнда облыс әкімі көлік және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту мәселелері бойынша көшпелі кеңес өткізді.
Боралдай кентінде әкім ұзындығы 19 шақырым болатын «Алматы – Ақсай – Шамалған – Боралдай – Шелекемір» автомобиль жолының күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Жобаны «ASMAR STROY» ЖШС жүзеге асыруда. Құны 1,5 млрд теңге болатын нысанның қазіргі таңда 1 млрд теңгесі игерілген. Жоба аясында жаяу жүргіншілер жолдары мен аялдамалар жаңартылуда.
Марат Сұлтанғазиев мердігер компанияға жөндеу жұмыстарын жеделдетіп, жолды 2025 жылдың 10 қарашасына дейін толық аяқтауды тапсырды. Әкімнің айтуынша, бұл жол желісі аудан тұрғындарының күнделікті қозғалысы мен тұрмыс сапасын жақсартуға елеулі әсер етеді.
Таза су – халық игілігі үшін
Сондай-ақ өңір басшысы Боралдай кентіндегі су жүйесін қайта жаңарту жобасының барысын көрді. Құны 2,4 млрд теңге болатын нысанды «Астанаинжюмстрой» ЖШС жүзеге асыруда. Жоба аясында ұзындығы 39 шақырымнан астам жаңа су құбыры желілері тартылып, үш сорғы станциясы және әрқайсысы 1000 текше метрлік екі су резервуары салынуда. Жұмыстарды аяқтау 2025 жылдың қарашасына жоспарланған.
Тұрғындар әкімге су жүйесін орнату кезінде бүлінген жол жабынын қалпына келтіру сапасына қатысты өтініштерін жеткізді. Осыған байланысты әкімнің тапсырмасымен асфальт төсеу көлемі үш еседен астам арттырылып, бастапқы 6 мың шаршы метрдің орнына 20 мың шаршы метрге дейін жеткізілді.
Қатаң бақылау және әлеуметтік жауапкершілік
Нысандарды аралау барысында облыс әкімі «Астанаинжюмстрой» ЖШС басшысы Әбдіқасым Жақыпбековпен, құрылыс учаскесінің бастығы Рүстем Разбаевпен және «ASMAR STROY» ЖШС директоры Мамед Насимовпен кездесті.
Марат Сұлтанғазиев барлық жобалардың сапасы мен мерзімін қатаң бақылауда ұстау қажеттігін атап өтті.
«Бұл нысандардың әлеуметтік маңызы зор. Әрбір жоба тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға, өңірдің экономикалық дамуына қызмет етуі тиіс», – деді облыс басшысы.
Жұмыс сапарының қорытындысында әкім аудандық және салалық басқармаларға жобалардың іске асырылу барысын тұрақты бақылап, азаматтардың өтініштеріне уақтылы жауап беруді тапсырды.





