Құбыр жарылыстарының басты себебі – 1976 жылы салынған «Бозой» топтық су құбырының толықтай тозуы.
Көп жылдар бойы жүйеде бірнеше рет жарылыс болып, олар тек жергілікті деңгейдегі шағын жөндеу жұмыстарымен уақытша қалпына келтіріліп келген. Алайда бұл мәселені түбегейлі шешкен жоқ. Соңғы күндері магистраль бірнеше нүктеден жарылып, жүйе толық істен шығып, ауылға су беру тоқтап қалды. 6 қарашада болған ірі жарылыс салдарынан су беру толық тоқтатылды. Тексеру барысында 2 шақырымнан астам құбыр апатты жағдайда екені анықталып, бұл учаскелердегі жұмыстар уақытша тоқтатылды.
Қазіргі жағдай Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің жеке бақылауында. Апат тіркелгеннен кейін облыс әкімдігі, өңірдің ТЖД және «ҚазСуШар» ШЖҚ РМК-ның «Алатау» Бозой топтық су құбыры филиалы өкілдерінің қатысуымен жедел ведомствоаралық комиссия құрылды. Комиссия су жүйелерінің жағдайын бағалап, зақымданған тұстарды анықтап, қажетті авариялық-қалпына келтіру жұмыстарының көлемін белгілеуге кірісті.
Сонымен қатар облыс әкімінің резервінен шұғыл жұмыстарға қаржы бөлу мәселесі қарастырылып жатыр. «Техногендік төтенше жағдай» режимі аясында шамамен 2,6 шақырым су құбыры толық реконструкциядан өтеді деп жоспарланған. Қазір жобалық-сметалық құжаттама жаңартылып, қаржыландыру нақтылауда.
Су беру уақытша тоқтаған кезеңде тұрғындарды сумен қамтамасыз ету үшін тәулік бойы жұмыс істейтін төрт автоцистерна тартылды.
18 қарашада Іле ауданының әкімі Қайыржан Жақсымбетов оқиға орнына барып, тұрғындармен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Оның айтуынша, барлық ақаулар бір айдың ішінде жойылып, ауылға ауызсу беру толық қалпына келтіріледі. Құбырлардың толық ауыстырылуы Ақши тұрғындары үшін ұзақ жылға тұрақты ауызсу жеткізілуін қамтамасыз етеді.





