Өңірде қазандықтар мен жылу желілері жөнделіп, жаңа қондырғылар салынды. Сондай-ақ көмір мен сұйық отын жеткізу ісі кестеге сай жалғасуда.
Бүгінде орталықтандырылған жылумен қамту Іле, Талғар, Балқаш, Еңбекшіқазақ және Қарасай аудандарында, сондай-ақ Қонаев пен Алатау қалаларында жүзеге асырылады. Жылу желілерінің жалпы ұзындығы 176 шақырымды құрайды. Облыс аумағында 18 қазандық пен қуаттылығы 457,5 Гкал болатын 66 блок-модульді қазандық жұмыс істейді.
2065 көпқабатты тұрғын үйдің 1371-і немесе 66,4%-ы орталық жылумен қамтылған. Әлеуметтік саладағы 51 нысан (4,7%) орталықтандырылған жүйеге қосылған. Қалғаны автономды қазандықтар арқылы немесе баламалы отын түрлерімен жылытылады. Оның ішінде газ үлесі – 29,7%, сұйық отын – 36,8%, қатты отын – 23,8%.
Дайындық жұмыстары мамыр айынан басталған болатын. Халық пен әлеуметтік нысандарға қажетті отын көлемдері бекітіліп, бүгінде жеткізілімдер жоспарға сәйкес атқарылуда. Халыққа 696 мың тонна көмір, әлеуметтік нысандарға 13,4 млн литр сұйық және 4,6 мың тонна қатты отын қарастырылған.
Жылу және электр инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары да жүргізілуде. Суық түспей тұрып 2,7 шақырым жылу желісін ауыстыру көзделген, оның 83%-ы қазірдің өзінде жаңартылды. Барлығы 18 орталықтандырылған және 81 блок-модульді қазандық жаңа маусымға әзірленуде, оның ішінде 15-і жаңадан салынған. Мәселен, Еңбекшіқазақ ауданында – 3, Талғар ауданында – 12 блок-модульді қазандық бой көтерді. Сонымен қатар, 30 қазандық жөндеуден өтті: 5-еуі күрделі, 25-еуі ағымдағы жөндеуден өткізілді.
Энергетикалық инфрақұрылымды жетілдіру облыстың басты бағыттарының бірі болып қала береді. Жоспар бойынша 148 қосалқы станса мен 1 626 шақырым электр желісі қайта жаңғыртылмақ. Оның ішінде 391 шақырымы бюджет қаражаты есебінен (Алатау, Іле және Талғар аудандарында), ал 1 235 шақырымы энергетикалық кәсіпорындардың инвестициясы есебінен, соның ішінде «АЖК» АҚ тарапынан қаржыландырылады. Бұл шаралар желілердің тозу деңгейін 72%-дан 66%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.
Жылыту маусымына байланысты дайындық пен іске қосу-реттеу жұмыстары биылғы жылдың қазан айына дейін толық аяқталмақ.





