Ауылға газ өткен жылы кіргізілген. Елдімекеннің жартысына жуығы көгілдір отынға қол жеткізген. Дегенмен басқа ауылдастар «ақшасын төлесек те, газды үйімізге дейін кіргізе алмай отырмыз» дейді.
«Ақшамыз бен құжатымызды қабылдамайды. Газ ауылымызға кіргізілді. Мердігер компания өкілдері көгілдір отынды әрбір үйге дейін жүргіземіз дегеніне үш ай уақыт болды. 350 мыңнан тартып береміз деген. Енді несие алып, мердігердің жауабын күтумен сарылып біттік. Алда күз келе жатыр. Газ кіргізіледі деген үмітпен көмір де ала алмай отырмыз. Қазір алмасақ бағасы шарықтап кетеді. Мына түрімізбен қыста не газ қостыра алмай, не көмір ала алмай суықта қатып қалмаймыз ба? Тіпті қазір мәселемізді кімге айтарымызды білмейміз. Бәрі бір біріне сілтейді», — дейді Тұрсынбай есімді ақсақал.
Тұрғындардың сөзінше, компания техниктері «не светит вам газ» деп төтесінен айтып кетіпті. Гауһар есімді ауыл тұрғыны «бар мәселе Меморандумда ма» дейді. Себебі, Меморандум аясында былтыр газ кіргізу бағасы 425 мың болса, биыл 350 мың теңгеге дейін арзандаған.
Жауапты басшылар жағдай бақылауда екенін айтады.
«Мердігер компаниямен байланыста отырмыз. Алматыгазсервис-Холдинг» акционерлік қоғамы «Қаратөбе» ауылына дейін газ тартып әкелді. Ал ауылдың ішіне жобалау-сметалық құжаттамасын жасаған «Өрлеу GROUP» ЖШС. Олардың айтуынша, ауылға газды толық тартуға 33 миллионға жуық қаржы керек. Ақшаны төлеуге дайын адамдардың үйлері бір-бірінен қашықта орналасқан. Мәселен, бір үйге газ кіргізсе, екіншісінің баспанасы 5 үйден кейін орналасқан. Әр үйге кем дегенде 40 метр құбыр керек. Қаржының тапшылығы қолбайлау болып жатыр. Себебі жеке компанияға мемлекеттен ақша бөлінбейді», — деді «Елтай» ауылдық округы әкімінің орынбасары Біржан Боранбайұлы.
Ұзын сөздің қысқасы, газ қосуға ниетті 35 үйге құбыр тарту тиімсіз.
Жауаптылардың айтуынша, 35-40 үйге газ тарту үшін 15-17 миллион теңге қаржы керек. Ал қазір төлемге қажетті 30 үй 10 миллион теңге жинап береді. Материалдарды сатып алу, төлейтін салық тағы бар. Сол себепті, бұл компанияны шығынға батырады екен.





