Аталған бастама «Қытай – Орталық Азия» екінші индустриялық-инвестициялық ынтымақтастық форумы аясында бекітілген. Форум барысында Алматы облысының әкімдігі мен Yili Chuanning Biological Co. арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Жоба Еңбекшіқазақ ауданындағы «Шелек» индустриялық аймағында жүзеге асырылады. Компания заманауи биотехнологияларды қолдану арқылы аминқышқылдар, пробиотиктер және биоыдырайтын өнімдер (қаптамалар мен медициналық бұйымдар) өндірісін жолға қоймақ.
Инвестиция көлемі шамамен 500 миллион АҚШ долларын құрайды. Кәсіпорын жылына 400 мың тонна жүгері мен 500 мың тонна бидайды өңдеуге қауқарлы болады. Бұл өз кезегінде өңірдегі 1 000-ға жуық жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта Yili Chuanning Biological Co. мамандары жобаның жүзеге асырылатын аумағына қатысты кешенді зерттеу жүргізуде. Олар өндірістік инфрақұрылым, логистика және экономикалық тиімділік бағыттарын бағалап, жобаны кезең-кезеңімен жүзеге асыру жоспарын әзірлеуде.
Алматы облысының әкімдігі өңір экономикасына шетелдік инвестиция тарту және жоғары технологиялы өндірісті дамыту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Жаңа жобаның іске асуы жергілікті ауыл шаруашылығы өнімдерін тиімді өңдеуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға және экспорттық әлеуетті арттыруға елеулі үлес қоспақ.





