Инициатива облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының тапсырысы бойынша «Paryz еріктілері» жастар қоғамдық бірлестігі арқылы іске қосылған. Жоба биыл мамыр айында басталып, алты негізгі бағыт бойынша жұмыс жүргізуді көздейді. Оған ақпараттық-түсіндіру семинарлары, заңсыз есірткі жарнамаларына қарсы акциялар, түнгі рейдтер, спорттық іс-шаралар, әлеуметтік бейнероликтер дайындау және кең көлемді ақпараттық насихат жұмысы кіреді.
Облыстық Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мади Ахметовтің айтуынша, жобаның өзегі – жастарға уақытылы әрі маңызды ақпарат жеткізу.
«Кез келген жағдайда ақпараттық жұмыс алдыңғы шепте тұруы тиіс. Сондықтан біздің жұмыс тобы мен еріктілер бұл бағытта барын салды. Жоба шеңберінде тиісті мағлұматты жастарға сіңіру үшін 15 семинар өткізіп, 1200 жасқа құнды ақпарат бердік», — деді ол.
Жоба аясындағы жұмыстар бірнеше бағытта жүзеге асуда. «Paryz еріктілері» ұйымының төрағасы Әділет Айтқазының сөзінше, проблемалық елді мекендер мен колледждерде 11 ірі ақпараттық семинар өткізілген. Оған 1100-ден астам жас қатысып, тәуелділіктің түрлері, оның психологиялық және әлеуметтік салдары, өмірлік дағдыларды дамыту және құқықтық сауаттылық бойынша нақты ақпарат алған. «Жастар мұндай кездесулердің қажеттілігін ерекше атап өтті», — дейді ол.
Еріктілер Қонаев қаласы мен бірнеше ауданда заңсыз есірткі жарнамаларына қарсы акциялар ұйымдастырып, 1000-нан астам граффити-жарнама жойды. Сонымен қатар, 600 ақпараттық буклет таратылып, бұл іске жергілікті тұрғындар мен мектеп оқушылары да атсалысқан.
Жастар қауіпсіздігін нығайту мақсатында облыстың жеті ауданында 10 түнгі рейд өткізілді. Мұндай шаралар құқық бұзушылықтың алдын алуға және жастармен тікелей түсіндіру жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік берді. Бұдан бөлек, сегіз ауданның колледж студенттері арасында спорттық спартакиада ұйымдастырылып, футбол мен волейболдан өткен жарыстарға 1700-ге жуық жас қатысты. Финалдық сайыста 300-ден астам студент өнер көрсетті.
Жоба шеңберінде түсірілген әлеуметтік бейнероликтер TikTok, Instagram және YouTube желілерінде жарияланып келеді. Әділет Айтқазының айтуынша, «Paryz еріктілері» парақшаларында жарияланған 40 бейне 190 мың қаралым жинап, жалпы аудиторияның қамтылуы 395 мың адамға жеткен.
Инициатива жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға, зиянды әдеттердің алдын алуға және қоғам алдындағы жауапкершілікті арттыруға нақты үлес қосып отыр. Жоба ұйымдастырушылары жұмысты алдағы уақытта да кеңейтуді жоспарлап отыр.





