Ұзынағаш ауылындағы Мәдениет үйінде екі күнге созылған айтулы өнер додасында облыстардан іріктеліп келген 35 өрен өзара сөз қағыстырды. Аталған республикалық оқушылар айтысының өткізіліп келе жатқанына биыл тура 20 жыл. Бұл жолы да үкілі домбырасын қолға алып, кестелі сөзбен көрерменін тәнті қылуға елдің түкпір-түкпірінен жас ақындар жиналды. Білім басқармасы мен «Дарын» республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығы ұйымдастырған шара Жамбыл ауданы әкімдігінің қолдауымен жоғары деңгейде өткізілді.
Алғашқы күні 20 оқушы тақырыптық айтыста бақ сынасса, екінші күні 12 өрен қайым айтысқа түсті. Қазылардың жоғары ұпайын иеленгендері екінші айналымға жолдама алды. Жас ақындар өздері тұратын аудан, облыстарда талай сөз сайысынан өтіп, тастүйін дайындықпен келгендерін байқатты. Сахна төрінде сөз маржанын тізіп, айтыссүйер көрерменді өлеңмен сусындатты. Жамбылдың өмірі мен шығармашылығын, бүгінгі уақыт тынысын жырға қосып, бір-біріне өрнекті сөзбен мәнді де мағыналы жауап қайтарысты. Жамбыл рухымен арқаланған жас ақындар осылайша екі күн бойы айтыстың қос түрінде суырып салмалық қабілеттерін көрсетті.
«Айтыс – қазақтың қанына біткен текті өнер ғой. Сондықтан қазақтың әр баласы ақын болуға тиіс», – деген ұстаным аңғарылады қай-қайсының бойынан да. Ұлтымыздың төл өнеріне ден қойғандар іріктеле келе, үздіктері қазылар алқасының сүзгісінен өтіп, ақтық сында тағы сөз қағысты. Қорытындысында сөзінің өткірлігімен, тілінің көркемдігімен тауып айту шеберлігі жоғары бағаланғандардың мерейі үстем болды.
Олардың өнерін қазылар алқасының төрағасы, айтыскер ақын, Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қорының директоры, телевизиялық «Біржан-Сара ізімен» айтысы жобасының авторы Серік Қалиев пен қазылар алқасының мүшелері – Қазақстанның Құрметті журналисі Күмісжан Байжан, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ақын Айтақын Бұлғақов, сондай-ақ айтыскер ақындар Айтуған Жетебаев пен Айтбек Тұрсынбаев бағалап отырды.
Айтыс қорытындысында оза шапқан шын жүйріктер анықталып, салтанатты жағдайда бәйгелері тапсырылды. Жеңімпаздар Оқу-ағарту министрлігі тағайындаған бас жүлде, 1,2,3 дәрежелі дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Еліміздің әр қиырынан жиналған жас талаптар ақындық ұя салған Жамбыл жерінің көрікті орындарын аралап, ақындар мен батырларға мекен болған киелі аймақпен жақынырақ танысты. Жамбыл мұражайы орналасқан Жамбыл ауылына, Қарасай ауданындағы «Анаға құрмет» мұражайына саяхаттап, Сүйінбай, Жамбыл, Нұрғиса Тілендиев, Есенқұл Жақыпбектің ескерткіш-кесенелерінде рухтарына тағзым етіп тарасты.





