Шара Aport Mall West сауда-ойын-сауық орталығында өтіп, «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясын қолдауға арналды.
Концерт 15 наурызға жоспарланған республикалық референдум қарсаңында ұйымдастырылып, жаңа Конституция жобасының маңызы мен азаматтық жауапкершілік тақырыбын қамтыды. Кеш барысында спикерлер ұсынылып отырған өзгерістердің ел дамуы үшін тарихи мәні бар екенін атап өтіп, референдумға қатысу – әр азаматтың мемлекет болашағына қосатын үлесі екенін жеткізді.
Өңірлік коалицияның жетекшісі Қуат Байғожаевтың айтуынша, мұндай бастамалар қоғамдағы бірлік пен ортақ мақсатты нығайтуға бағытталған.
«Бүгін осы алаңға жиналған жұрттың бірлігі – елімізге деген шынайы жанашырлықтың белгісі. Жаңа Конституция Қазақстанды одан әрі әділетті әрі мүмкіндігі тең мемлекет етуге бағытталған маңызды қадам. 15 наурызда әрқайсымыз референдумға барып, өз таңдауымызды жасауымыз қажет», — деді ол.
Кештің хедлайнері ретінде елге кеңінен танымал «МузАрт Life» тобы өнер көрсетті. Сонымен қатар сахнада Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Өмірқұл Айниязов, Қажымұрат Шешенқұлұлы, Бағдат Сейт, Әділ Ахметжанов, Балауса Самұрыққызы, Қуаныш Шакиров, Дана Мажитова, Сырым Жазылбек, Азиза Әбілбашар, Ақниет Сейфоллақызы және «Сүйінбай сазы» ансамблі өнер көрсетті.
Сондай-ақ көрермендер Daro, Хамита Сатаева, KeshYOU және Әбдіжаппар Әлқожа сияқты танымал орындаушылардың әндерін ерекше ықыласпен қарсы алды. Концерт барысында хит әндер мен жаңа туындылар шырқалып, жиналған қауым бірлік пен ортақ мақсаттың рухын сезінді.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, ауқымды шараға өңірдің жүздеген тұрғыны қатысып, жаңа Конституция жобасына қолдау білдірді. Қатысушылар референдумның маңызын атап өтіп, ел дамуының жаңа кезеңінде белсенді азаматтық ұстаным танытуға дайын екендерін жеткізді.





