Алқалы жиынға облыс әкімінің бірінші орынбасары Қанат Есболатов, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы этномәдени бірлестіктердің төрағалары, қоғамдық құрылымдардың жетекшілері мен азаматтық қоғам өкілдері қатысты.
Кеңес барысында Марат Әзілханов Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның жұмысы туралы баяндап, жаңа Конституция жобасының ел дамуы үшін маңызын атап өтті.
«Ынтымақ пен бірегейлік – мемлекеттілікті қалыптастырып, нығайтудың және дамытудың маңызды тетігі. Бұл ұстаным Қазақстандағы татулық пен келісім саясаты арқылы дәлелденді. Ассамблея алғашқы кезеңде елдегі этностардың мүдделерін білдіруге бағытталса, бүгінде ол азаматтық қағидатқа негізделген, ортақ құндылықтарды біріктіруші институтқа айналды.
Жаңа Конституция жобасында көзделген “Халық кеңесі” алаңы қоғамдағы өзекті мәселелерді ашық талқылауға, консенсусқа негізделген шешімдер қабылдауға және түрлі этностар мен әлеуметтік топтардың мүдделерін институционалдық деңгейде ескеруге мүмкіндік береді», – деді Марат Әзілханов.
Оның айтуынша, елімізде қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту бағытында заңнамалық және институционалдық тетіктер қалыптасқан. Бұл үдерісте Алматы облысы бірқатар тиімді бастамаларды жүзеге асырып келеді.
Кеңес отырысы барысында өңірдегі этномәдени бірлестіктер мен қоғамдық ұйым өкілдері жаңа Конституция жобасына қатысты пікірлерін білдіріп, бірқатар ұсыныстарын ортаға салды. Атап айтқанда, Қазақстан Халық Кеңесінің құрылуы қоғамдық келісімді нығайтуға және азаматтардың ортақ жауапкершілігін арттыруға ықпал ететіні айтылды.
Жиын қорытындысы бойынша кеңеске қатысқан этномәдени бірлестіктердің жетекшілері жаңа Конституция жобасын қолдайтындықтарын жеткізді.





