Осылайша, Алматыдан Шымкентке дейінгі бағыттағы жолды кеңейту мен жаңарту жұмыстары толық аяқталды. Енді екі қала арасындағы трасса толық төрт жолақты болып, көлік қозғалысы бұрынғыдан да ыңғайлы әрі қауіпсіз болады.
Ашылу салтанатына ҚР Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров, Алматы облысы әкімінің орынбасары Рустам Исатаев және өңірдің қадірлі ақсақалдары қатысты. Рәсім барысында қозғалысты бастау батырмасы басылып, жаңа жолмен алғашқы болып 15 көліктен тұратын автоколонна жүріп өтті.
«Биыл ел бойынша 13 мың шақырым жолда жөндеу және қайта жаңарту жұмыстары жүргізілді. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Мұндай нәтижеге Мемлекет басшысының қолдауы және жол саласы қызметкерлерінің ерен еңбегі арқасында қол жеткіздік. Олар азаматтарға қауіпсіз әрі қолайлы жолдар салып, өңірлердің дамуына жаңа мүмкіндіктер ашып отыр», – деді шара барысында Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров.
Салтанатты іс-шара аясында жолдың құрылысына үлес қосқан мамандар марапатталды. Оларға ведомстволық медальдар, Алғыс хаттар және Көлік министрлігінің Құрмет грамоталары табысталды.
«Ұзынағаш – Отар» жолын салу жұмыстары өткен жылы басталып, небәрі екі жылда толық аяқталған. Құрылысқа 163 бірлік техника, 290 маман тартылған. Сондай-ақ екі асфальт-бетон зауыты мен төрт жол-құрылыс басқармасы жұмыс істеді.
Жолдың ашылуы Алматы–Шымкент бағытындағы көлік қозғалысын айтарлықтай жеңілдетпек. Төрт жолақты магистраль өткізу қабілетін арттырып, жүріп өту уақытын қысқартады, қозғалыс қауіпсіздігін күшейтеді. Сонымен қатар аймақтар арасындағы логистикалық байланыс жақсарып, Орталық Азия елдерімен экономикалық қатынастарды нығайтуға оң әсер етеді.





