Соңғы үш жарым жыл ішінде мұнда жалпы құны 6,7 триллион теңгенің өнімі шығарылды. Тек 2024 жылғы көрсеткіш 2021 жылмен салыстырғанда бір жарым есеге өскен.
Өңір бүгінде өңдеу өнеркәсібі бойынша республика облыстары арасында 6-орынға көтеріліп, өз позициясын нығайтып келеді. Жалпы өнеркәсіп құрылымында өңдеу саласының үлесі 90 пайызды құрайды. Ал биылғы жеті айдың қорытындысы бойынша өндіріс индексі 106,6 пайыз деңгейінде тіркелді.
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің тапсырмасына сәйкес, негізгі басымдық шикізаттық емес экономикаға берілуде. Облыс әкімдігінің мәліметінше, дәл осы бағыт өңірге тұрақты индустриялық база қалыптастыруға мүмкіндік беріп отыр.
Сарапшылардың пікірінше, Алматы облысының өнеркәсіптік әлеуетін күшейту елдің жалпы экономикалық өсіміне оң ықпал етіп, жаңа өндірістер мен жұмыс орындарының ашылуына жол ашады.





