Ал 2025 жылдың қаңтар айынан бастап мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша 39 жекеменшік мектеп салынып жатыр.
Өңірде соңғы жылдары үш ауысымды мектептер санын азайту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. 2025–2026 оқу жылында Қарасай және Іле аудандарында жалпы саны 3 500 орынға арналған екі жаңа мектеп пайдалануға берілді. Бұл нысандар үш ауысымды оқу жүктемесін жоюға мүмкіндік берді.
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтың айтуынша, соңғы жылдары аймақта үшауысымды мектептер 28-ге азайды.
«Қазіргі уақытта, жоспарланған 26 мектептің 17-сі қолданысқа берілді. Жыл соңына дейін қалған 9 мектептің құрылысы аяқталады деп жоспарланып отыр. Бірақ үш ауысымды оқу мәселесі толық шешілді деуге ерте. Егер жекеменшік мектептер осы бағытта белсенділік танытса, біз міндетті түрде қолдау көрсетеміз. Бұрын Қарасай, Еңбекшіқазақ және Жамбыл аудандарында 54 үш ауысымды мектеп болған, қазір ол мәселе шешілді. Енді Іле мен Талғар аудандарында ғана қалды», – деді өңір басшысы.
Әкімнің сөзінше, бүгінде әкімдік 41 мектептің қажеттіліктерін қамтамасыз етіп отыр. Алдағы уақытта үш ауысымды мектептерді толық жою үшін жаңа білім ошақтарын салу жалғаса береді.





