Биыл өңірге 2,5 миллионнан астам адам келген. Бұл — өткен жылмен салыстырғанда 40 пайызға көп. Сарапшылар мұндай өсімді соңғы жылдардағы ең жоғары нәтиже деп бағалап отыр.
Туристер үшін ең тартымды нысандардың бірі Қапшағай су қоймасы. Жазғы маусымда мұнда 1,8 миллионнан астам адам демалып, жағажайлық туризмнің қызығын көрді. Қалғандары өңірдің табиғи інжу-маржандарын Көлсай көлдері, Шарын шатқалы және Іле-Алатау ұлттық саябағын таңдапты.
Алматы облысы жыл сайын туристік әлеуетін арттыра отырып, демалыс маусымының шегін ұзартып келеді. Туризм басқармасының мәліметінше, шетелдік туристер саны 12%-ға, ал ішкі туризм 25%-ға артқан.
Басқарма басшысы Қуанышбек Мирамбекұлы биылғы көрсеткіштер туралы былай деді:
“Биыл өңіріміздегі үш ұлттық парк – «Іле Алатауы», «Көлсай көлдері» және «Шарын» – 700 мыңнан астам адамды қабылдады. Әсіресе, Көлсай көлдеріне 530 мыңға жуық турист келді. Келушілердің әр үшіншісі – шетелдік қонақ.
Оның айтуынша, оқиғалы және экотуризм бағыттары биыл ерекше серпін алған. Таулы аймақтарда жаңа туристік соқпақтар, демалыс нүктелері мен шолу алаңдары ашылды” — деді ол.
Биыл Алматы облысына Үндістан, Парсы шығанағы елдері, Ресей және Түркиядан келген қонақтар саны айтарлықтай артқан. Түркия азаматы Мерт Фуркан Көлсайдағы әсерімен бөлісіп, өңірдің табиғи байлығын жоғары бағалады:
“Мұнда өте әдемі. Табиғаты бай, суы мөлдір. Түркияда осындай Ұзынкөл деген жер бар, бірақ мұндағы жасыл желек пен таза ауа ерекше. Мен бұл өңірді ата-бабаларымыздың жері ретінде сезіндім. Түркі халықтарына осында келіп, өз көздерімен көруді кеңес етемін” , — деді.
Туристік ағымның артуына өңірдегі инфрақұрылымды жүйелі дамыту үлкен әсер еткен. 2025 жылы туристік бағыттарды абаттандыруға 171 миллион теңге бөлінді.
Бұл қаражатқа «Көлсай көлдері» мен «Іле-Алатау» ұлттық парктерінде, сондай-ақ Қонаев қаласындакең көлемді жұмыстар атқарылуда.
Жаңа пирстер, экосатылар, кіреберіс топтар, от жағу аймақтары мен металл қаңқалы серуендеу соқпақтары салынды.
Мұндай жобалар өңірге келген туристерге қолайлы жағдай жасап қана қоймай, табиғатты қорғауға да мүмкіндік беріп отыр.
Мамандардың айтуынша, Алматы облысы бүгінде Қазақстандағы ең жоғары туристік әлеуетке ие өңірлердің бірі. Мұнда жыл бойы туризмнің барлық түрі — экологиялық, мәдени, спорттық, оқиғалы және гастрономиялық бағыттар дамып келеді.
Табиғат байлығы мен заманауи инфрақұрылым үйлескен аймақ Қазақстанның жаңа туристік брендінеайналып келеді.
Қуанышбек Мирамбекұлының сөзімен айтқанда:
“Алматы облысы — табиғи мұра мен заманауи мүмкіндіктердің тоғысқан өңірі. Біз үшін басты мақсат – туризм арқылы өңір экономикасын дамыту және әлемдік туристік картаның бел ортасында болу”.





