Іс-шара барысында ҚР ҰҒА президенті Ақылбек Күрішбаев тұқым сапасының өнімділікке тікелей әсерін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстанда ауыл шаруашылығы өнімділігінің деңгейі әлі де төмен болып отыр.
«Соңғы 10 жылдағы талдау нәтижелері көрсеткендей, табиғи-климаттық жағдайы бізге ұқсас Канадада астық дақылдарының орташа өнімділігі 28 пайызға өсіп, гектарына 38 центнерге жетті. Ал Қазақстанда өсім небәрі 6 пайызды құрап, гектарына 12 центнер деңгейінде қалып отыр. Бұл жағдайдың басты себептерінің бірі – сапасыз тұқымдарды пайдалану. Сондықтан енгізіліп отырған цифрлық бақылау жүйесі салада тәртіп орнатып, оны жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді», – деді ол.
Өңірлік сұраныс пен отандық өндірістің мүмкіндігі
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев өңірдің ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктеріне тоқтала отырып, сапалы тұқымға деген сұраныстың толық қамтамасыз етілмей отырғанын айтты.
«Биыл облыста күріштің өнімділігі гектарына 52 центнерге жетті. Бұл орташа көрсеткіштен 2,5 есе жоғары. Дегенмен шаруаларға 62 мың тонна тұқым қажет, ал жергілікті өндіріс небәрі 2 мың тонна көлемінде ғана қамтамасыз етіп отыр. Сол себепті отандық селекцияны дамыту және цифрлық бақылауды енгізу біздің өңір үшін стратегиялық басымдық болып қала береді», – деп атап өтті облыс әкімі.
Жүйенің артықшылықтары
Жаңа цифрлық жүйе тұқым айналымының барлық кезеңін – сорттың әзірленуінен бастап шаруашылықта пайдалануға дейінгі үдерістердің толық ашықтығын қамтамасыз етеді. Бұл жалған есеп беруді болдырмай, заңсыз субсидия алу жағдайына жол бермейді. Сондай-ақ сорт авторларына әділ роялти төлемдерін кепілдейді.
Кең ауқымды қатысу және болашақ жоспарлар
Таныстыру семинарына ҚР ҰҒА басшылығы, Алматы облысының әкімдігі, ғалымдар, Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдері, ФАО сарапшылары, агробизнес субъектілері және шаруа қожалықтарының басшылары қатысты.
Жаңа бастама ауыл шаруашылығындағы сапа стандарттарын көтеріп, отандық агросекторды цифрландыру арқылы әлемдік деңгейге шығаруға бағытталған маңызды қадам болмақ.





