Шараның басты мақсаты – орман қорын толықтыру, табиғи тұқым қорын қалыптастыру және жастардың экологиялық мәдениетін арттыру.
7 қазанда Бақанас орман шаруашылығында өткен экологиялық шараға орманшылармен қатар колледж студенттері мен мектеп оқушылары белсенді қатысты. Бір күн ішінде 200 келіден астам жиде тұқымы жиналды.
Алматы облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, биыл өңірде шамамен 1,5 тонна жиде мен Шренк шыршасының тұқымын жинау жоспарланып отыр.
«Әрбір жиналған тұқым – ертеңгі жасыл орманның бастауы. Бұл – өңірдің экологиялық әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадам», – деді басқарма басшысы Қанат Нүсіпбаев.
Жиналған тұқымдар көктемде облыстық орман тұқымбақтарына жеткізіліп, көшеттерге айналдырылмақ. Кейін бұл көшеттер орман қорының аумағына отырғызылып, өңірдің жасыл белдеуін кеңейтуге мүмкіндік береді.
2021 жылдан бері Алматы облысында 17,4 мың гектар аумаққа 38,3 миллион ағаш отырғызылды. Бұл – Мемлекет басшысының ел көлемінде 2 миллиард ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасын орындаудағы өңірдің нақты үлесі.
Мамандардың айтуынша, мұндай экологиялық бастамалар қоғамда табиғатты қорғауға деген жауапкершілікті арттырып, жастарды қоршаған ортаны аялауға баулиды.





