Оқиға Талғар ауданында болған. «SOS» жүйесі арқылы көліктен көмекке шақыру сигналы келіп түскен. Хабарламада «байланыс ұстамайды, тауда адасып кеттік» деп жазылған.
Министрліктің мәліметінше, GPS координаттары бойынша көліктің шамамен тұрған жері анықталғанымен, байланыс орнату мүмкін болмаған. Осыған байланысты ҚР ТЖМ «Барыс» республикалық жедел-құтқару жасағының тобы іздестіру жұмыстарына жіберілді.
Құтқарушылар оқиға орнына жетіп, жолдың қиын бөлігімен жаяу жүріп, іздеу жұмыстарын жалғастырды. Нәтижесінде Toyota Camry маркалы көлік табылып, оның ішінде ер адам мен жүкті әйел болған.
«Құтқарушылар зардап шеккендерді таулы аймақтан эвакуациялап, автожолға жеткізді. Онда оларды жедел жәрдем бригадасы күтіп тұрған. Әйелдің жүктілігі соңғы айларында болғандықтан, ол Талғар қалалық ауруханасына жеткізіліп, тиісті медициналық көмек көрсетілді», – деп мәлімдеді ҚР ТЖМ баспасөз қызметі.
Ведомствоның хабарлауынша, құтқарушылардың шұғыл әрі үйлесімді іс-қимылының арқасында қайғылы жағдайдың алдын алуға мүмкіндік туды.
Сонымен қатар, министрлік азаматтарға таулы және алыс аймақтарға сапар шегер алдында өз бағыты туралы құтқару қызметтеріне хабарлап, байланыс құралдарының жарамдылығын және SOS жүйесінің жұмыс істеуін алдын ала тексеріп алуды ескертті.
Құтқарушылардың кәсіби іс-әрекеті тағы да адам өмірін сақтап қалуға мүмкіндік берді.





