Оқиға 26 қазанда Терра алаңына апаратын соқпақ жолда болған. Турист Ұлжан есімді қыздың айтуынша, бастапқыда ол қар үстінде қозғалыссыз жатқан ақ дақты ойыншық деп ойлаған.
«Алғашында біреу ойыншық тастап кеткен екен деп ойладым. Бірақ жақындай бергенімде, оның қимылдап тұрғанын көрдім. Ақ түсті, үлпілдек жүнді кішкентай аң сондай сұлу еді», – дейді ол.
Бейнежазба әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, қолданушылар кадрда қандай аң бейнеленгенін анықтауға тырысты: бірі ласқа десе, енді бірі ақкіс, тіпті кейбірі әзілмен «Драко Малфой» деп атаған.
Кейін Іле-Алатау ұлттық паркі бейнежазбада түсірілген жануардың ақкіс (горностай) екенін растады.
«Видеода оның құйрығының ұшы қара түсті екені байқалады. Біз мамандармен кеңесе отырып, дене өлшемдері мен ерекшеліктерін салыстырып, бұл ақкіс деген қорытындыға келдік. Аққалақ пен ақкістің айырмашылығы дене пішінінде. лАққалақтың дене ұзындығы шамамен 19 см болса, ақкістікі 29 см-ге дейін жетеді. Сондай-ақ ақкістің құйрығының ұшы әрдайым қара түсті болады», – деп түсіндірді ұлттық парк мамандары.
Сонымен қатар, Іле-Алатау ұлттық паркінде бұл жануарлардың нақты санына қатысты ресми есеп жүргізілмейтіні де атап өтілді.
Мамандардың айтуынша, мұндай кездесулер табиғаттағы экожүйенің тепе-теңдігі сақталып отырғанының дәлелі.





