Акцияның бастамашысы – «Табиғат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Шараны Алматы облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы мен Балқаш–Алакөл аймақаралық балық шаруашылығы бассейндік басқармасы бірлесіп ұйымдастырды.
Басты мақсат – су айдындарындағы балық ресурстарын қалпына келтіру, олардың табиғи санын көбейту және өңірдің экожүйесін сақтау. Бірінші кезеңде көлге 100 мың дана ақ амур мен сазан шабақтары жіберілді.
«Табиғат» ЖШС өкілдерінің айтуынша, бұл іс-шара бірнеше кезеңмен жалғасады. Қараша айының соңына дейін жалпы 1 миллион дана шабақ жіберу жоспарланып отыр.
Акцияға мемлекеттік органдардың қызметкерлері, балық шаруашылығы мамандары және жергілікті тұрғындар қатысты. Ұйымдастырушылардың пікірінше, мұндай табиғатты қорғау бастамалары экожүйені және биологиялық алуантүрлілікті қалпына келтіруге ғана емес, сонымен қатар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер етеді.
Мамандар атап өткендей, Шағырай көлдер жүйесі балық шаруашылығын дамытуға қолайлы табиғи жағдайға ие. Сондықтан мұндай шаралар су айдындарының өнімділігін арттырып, жергілікті халықтың еңбекпен қамтылуына және өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға сеп болады.





