Жиын облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің төрағалығымен өтіп, 2025 жылдың алғашқы бес айындағы ахуал мен профилактикалық шаралардың басым бағыттары сараланды.
Алматы облысы бойынша Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті департаментінің уақытша басшысы Мәқсат Айтимбетовтің мәліметінше, 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда құқықбұзушылықтар саны едәуір азайған.
Құқықбұзушылық туралы өтініштер мен хабарламалар саны 11,5%-ға (35 069-дан 31 029-ға) қысқарды;
Тіркелген қылмыстық құқықбұзушылықтар 12,4%-ға (4 481-ден 3 925-ке) төмендеді.
Аса ауыр қылмыстар – 45,3%-ға,
Ауыр қылмыстар – 14,7%-ға,
Онша ауыр емес қылмыстар – 16%-ға қысқарған.
Айрықша атап өтерлік жайттар:
Қасақана адам өлтіру екі есе (28-ден 14-ке дейін),
Ұрлық үштен бірге (922-ден 653-ке дейін),
Ұсақ ұрлық төрт есеге жуық (518-ден 112-ге дейін) азайған.
Қоғамдық орындардағы құқықбұзушылықтар – 19%-ға,
Алкогольдік мас күйінде жасалған қылмыстар – 3%-ға қысқарған.
Есірткі айналымына қатысты құқықбұзушылықтар (сату мақсатынсыз) 25,4%-ға азайған.
Жүйелі жұмыс пен тиімді іс-қимыл
Облыстық Полиция департаментінің бастығы Мейрам Әбікенов өңірдегі қылмыстық ахуалдың тұрақтануына ықпал еткен факторларды атап өтті. Оның айтуынша, көрсеткіштердің жақсаруы – мемлекеттік органдардың үйлесімді және кешенді жұмысының нәтижесі.
– Біз қылмыстың азаюын көріп отырмыз. Бұл – күнделікті және жоспарлы жұмыстың жемісі. Бірақ қауіп-қатер аймақтарында алдын алу шараларын күшейту маңызды, – деді ол.
Облыс прокуроры Берік Адамов құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде цифрлық технологиялардың маңызын ерекше атап өтті. Ол:
– Қылмыс деңгейінің төмендеуі байқалады: ұрлық – 37%-ға, мал ұрлығы – 27%-ға, адам өлтіру – 75%-ға азайды. Қоғамдық қауіпсіздікті арттыру мақсатында қосымша 9 000 бейнебақылау камерасын орнату жоспарланып отыр. Бұл «соқыр нүктелерді» жоюға және жедел әрекет етуге мүмкіндік береді, – деді.
Өзекті мәселелер мен келесі қадамдар
Жиын барысында Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Данияр Ақжанов, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілі Болат Жармақов және ҰҚК департаментінің өкілі Рустам Ибраев құқықбұзушылыққа қарсы іс-қимылдағы өзекті мәселелер мен ұсыныстарын ортаға салды.
Жазғы демалыс маусымына байланысты кәмелетке толмағандардың қатысуымен тіркелген жол-көлік оқиғалары мен қайғылы оқиғалар көбейгені айтылып, білім беру, көлік және жол саласы басқармаларының басшылары тыңдалды. Сонымен қатар, кейбір аудандарда құқықбұзушылықтың жекелеген түрлерінің өсуі байқалып, аудан әкімдеріне нақты тапсырмалар берілді.
Облыс әкімінің қорытынды сөзі
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев:
– Қылмыстың төмендеуі – мемлекеттік органдар арасындағы бірлескен әрі жүйелі жұмыстың жемісі. Алда тұрған міндет – осы нәтижелермен шектеліп қалмай, құқықбұзушылықтардың алдын алу мен қоғамдағы қауіпсіздік деңгейін арттыру. Біздің басты басымдығымыз – халықтың қауіпсіздігі, – деді.
Отырыста құқықбұзушылықтың алдын алу жұмыстарын одан әрі күшейтуге бағытталған нақты тапсырмалар берілді. Комиссия жұмысы жалғасады және жаңа сын-қатерлердің алдын алу ғана емес, өткен қателіктерге талдау жасап, олардың қайталанбауын қамтамасыз етуге басымдық берілетін болады.





