Аудан аумағында елді мекендер мен автожолдарға 1113 бейнебақылау камерасы және 56 «Сергек» жылдамдық өлшеу құрылғысы орнатылды. Мұндай жүйелердің іске қосылуы құқық қорғау органдарына жол ережелерін бұзу фактілерін нақты уақыт режимінде анықтауға, қоғамдық орындардағы тәртіпті бақылауға мүмкіндік беріп отыр.
Сонымен қатар, Талғарда заманауи техникалық құралдармен жабдықталған жедел басқару орталығы іске қосылды. Орталық тәулік бойы мониторинг жүргізіп, патрульдік жасақтардың іс-қимылын үйлестіреді, түрлі қызметтер арасында ақпарат алмасуды жеделдетеді және төтенше жағдайларға дер кезінде әрекет етуге жағдай жасайды.
Жүзеге асырылып жатқан шаралар аудан тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, құқық қорғау органдарына деген сенімді арттыруға ықпал етуде. Бейнебақылау жүйелері орнатылғаннан кейін құқықбұзушылық көрсеткіші төмендеп, жол-көлік оқиғаларын алдын алу тиімділігі артқаны байқалуда.
Талғар ауданындағы бұл тәжірибе өңірдің өзге аумақтарында да кезең-кезеңімен енгізілмек. Облыс басшылығының мәлімдеуінше, мақсат – қауіпсіздігі жоғары, тұрғындары үшін қолайлы орта қалыптастыру.





