Түркістан сілеусіні – мысық тұқымдасына жататын жыртқыш сүтқоректі. Бұл сирек аң Қазақстанның Қызыл кітабына (III санат) енгізілген және Халықаралық табиғатты қорғау одағының (IUCN) Қызыл тізіміне кірген.
? Тау шыңдарын мекендейтін жыртқыш
Мамандардың айтуынша, түркістан сілеусіні Алматы қорығының аумағында теңіз деңгейінен 1200-ден 3500 метрге дейінгі биіктікте кездеседі. Соңғы зерттеулер оның альпілік белдеуде де өмір сүретінін көрсетті. Бұл болжамды 3500 метр биіктікте орнатылған фототұзақтың жаз мезгілінде сілеусінді түсіріп алуы дәлелдеді.
? Сілеусін күшіктері табиғатқа бейімделуде
Ғылыми бақылаулар барысында мамандар фототұзаққа бір күшіктің түскенін анықтады. Кейінірек визуалды бақылау кезінде сілеусіннің екі марқаумен жүргені байқалды. Сарапшылардың айтуынша, күшіктер екі жасқа дейін анасымен бірге жүреді, содан кейін өз бетінше өмір сүруге бейімделеді.
? Сілеусіннің саны тұрақты ма?
Соңғы бір жыл ішінде Алматы қорығында орнатылған фототұзақтар сілеусінді 32 рет тіркеді. Бұл оның осы аумақта тұрақты мекендейтінін және табиғи ортада өмір сүруін жалғастырып жатқанын көрсетеді.





