Іс-шараның мақсаты – өңірдегі ономастикалық жұмыстың сапасын арттырып, көше атауларын тарихи жер-су және дәстүрлі атауларға кезең-кезеңімен алмастыруды үйлестіру.
Семинарға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері, облыстық тілдерді дамыту басқармасының мамандары, аудан әкімдерінің орынбасарлары, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің басшылары, сондай-ақ ауылдық округ әкімдері қатысты.
Ономастикалық саясаттағы жаңа бағыттар
Жиын барысында ономастикалық жұмыстарды жүйелеу мәселелері талқыланды. Мамандар көше атауларын беруде кісі есімдеріне қойылатын шектеулерге тоқталып, осыған орай ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі әзірлеген арнайы тізімдерді – «Тарихи тұлғалар», «Жер-су атаулары» және «Дәстүрлі атаулар» базалық құжат ретінде басшылыққа алу қажеттігін атап өтті.
Бұл қадам ономастикалық саясаттың бірізділігін қамтамасыз етіп, атаулардың ұлттық құндылықтармен үйлесімді болуына мүмкіндік береді.
Жол картасы аясындағы өзгерістер
Биыл облыста Жол картасына сәйкес 678 көше атауын кезең-кезеңімен өзгерту жоспарланған. Бұл жұмыстар ұлттық тарихты дәріптеп, жергілікті тұрғындар үшін тарихи маңызы зор атауларды қайтаруға бағытталған.
Сонымен қатар, Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай облыстағы 73 Ұлы Отан соғысы ардагерінің есімі көшелерге берілді. Бұл – ерлік пен батырлықты ұлықтау, келер ұрпаққа өнеге қалдыру мақсатында жүзеге асырылған маңызды шара.
Семинар соңында қатысушылар ономастикалық саясатты тиімді жүргізудің маңыздылығын атап өтіп, тәжірибе алмасу арқылы алдағы жұмыстың нақты бағыттарын айқындады.





