Іс-шара Қазақстан халқы Ассамблеясының «Елдесу және татуласу» жобасы аясында ұйымдастырылып, оған этномәдени бірлестіктер өкілдері, кәсіби медиаторлар, педагогтар және қоғам белсенділері қатысты.
Кездесудің негізгі мақсаты – заманауи диалог пен делдалдық тәсілдерінің түрлі этнос өкілдері арасындағы өзара түсіністік пен сенімді нығайтудағы, сондай-ақ келіспеушіліктердің алдын алудағы маңызын талқылау болды.
Жиынды ашқан облыс әкімінің міндетін атқарушы Қанат Есболатов этномедиацияның қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді сақтаудағы рөлін ерекше атап өтті.
«Этномедиация келіспеушіліктерді ерте анықтап, тараптар үшін құрмет пен сенімге негізделген ашық диалог алаңын қалыптастырады. Бұл – қоғамдық келісім мен өзара түсіністікті нығайтудың маңызды тетігі», – деді Қанат Есболатов.
Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан Жақұпов медиация және этномедиация бағытында атқарылған жұмыстардың нәтижелерін баяндады. Биылғы жылдың он айында 70-тен астам іс-шара өткізіліп, үш мыңға жуық адам қамтылған.
«Көптеген даулар сотқа дейін шешімін тапты. Олардың қатарында отбасылық, қаржылық және ұрпақаралық келіспеушіліктер бар. Сонымен қатар кәсіби медиаторлардың саны да артып келеді», – деді Ерлан Жақұпов.
Кездесу барысында мектеп медиациясының маңызы да қозғалды. Грек этномәдени бірлестігі «Элефтерия» төрайымы Наталья Тифанциди балаларда келісімге келе білу мен өзара түсінісу дағдыларын ерте жастан дамыту қажеттігін атап өтті.
«Мектеп – балалар диалог пен келісімге алғаш қадам жасайтын орта. Егер бала кішкентайынан өзара сыйластық пен түсіністіктің маңызын ұғынса, бұл – болашақ бейбіт қоғамның негізі», – деді Наталья Тифанциди.
Облыстық мәслихат депутаты Меруерт Молдашева «Ана медиациясы» жобасын таныстырып, оның отбасылық және ұрпақаралық дауларды шешуде әйелдердің бітімгер ретіндегі рөліне тоқталды.
Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, «Ронаи» күрд этномәдени орталығының жетекшісі Гамзе Гейдаров өңірдегі этносаралық ынтымақтастыққа ықпал етіп отырған бастамалар жайлы айтты. Оның айтуынша, Іле ауданында барлық этностарды біріктіретін «Комитет–Курултай» құрылып, онда мәдени және спорттық іс-шаралар тұрақты негізде өтіп келеді. Бұл іс-шаралар халық арасындағы өзара сенім мен түсіністікті нығайтуға ықпал етуде.
Кездесу қорытындысында медиативтік тәжірибені кеңейтуге бағытталған бірқатар ұсыныстар қабылданды. Атап айтқанда:
– мектеп медиаторларының желісін дамыту;
– этномәдени бірлестіктерді ағартушылық жұмыстарға тарту;
– келісім мен құрмет мәдениетін насихаттайтын ақпараттық кампаниялар ұйымдастыру.
Қазақстан халқы Ассамблеясы мен кәсіби медиаторлардың бірлескен жұмысы қоғамда сенім қалыптастыруға, диалог мәдениетін күшейтуге және әр азамат өзін естіген әрі қорғалған сезінетін тұрақты бейбіт орта құруға ықпал етуде.
Медиация мен этномедиация – заманауи қоғам мәдениетінің ажырамас бөлігі. Олар өзара түсіністік, ынтымақ және келісімге негізделген тұрақты даму мен бейбіт өмірдің кепілі болып табылады.





