Іс-шараға Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі, генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, сондай-ақ «Сейсмологиялық байқау және зерттеу ұлттық ғылыми орталығы» ЖШС мамандары қатысты.
1976 жылы құрылған «Кастек» сейсмостанциясы Қастек ауылынан оңтүстікке қарай шамамен 4 шақырым жерде орналасқан және Солтүстік Тянь-Шань аймағындағы сейсмикалық белсенділікті бақылауда маңызды рөл атқарады. Жаңғырту жұмыстары аясында тәулік бойы ғылыми зерттеулер жүргізуге және қызметкерлердің тұрақты тұруына арналған заманауи модульдік ғимарат салынды.
Жаңа нысанда кеңсе бөлмелері, демалыс аймақтары, тұрмыстық техникамен жабдықталған ас үй, сондай-ақ душ пен санитарлық торап қарастырылған. Станция заманауи жоғары технологиялық құрал-жабдықтармен қамтылып, бұл сейсмологиялық бақылаулардың дәлдігін арттыруға және деректерді жедел жеткізуге мүмкіндік береді.
Салтанатты рәсім барысында Төтенше жағдайлар министрі сейсмологиялық институт қызметкерлеріне станцияны күтіп-ұстау және далалық зерттеулер жүргізу үшін арнайы автокөліктердің кілттерін табыстады.
ҚР ТЖМ сейсмикалық қауіпті өңірлерде орналасқан нысандарды жаңғырту және техникалық қайта жарақтандыру жұмыстарын жүйелі түрде жалғастырып келеді. «Кастек» станциясының ашылуы Алматы маңындағы екінші осындай жоба болып отыр. Бұған дейін, биыл қазан айында «Известковый» сейсмостанциясын жаңғырту жұмыстары аяқталған. Бұл жобалар өңірдің сейсмикалық қауіпсіздігін арттырып, тұрғындарды қорғауға бағытталған.





