Сарапшының сөзіне сүйенсек, соңғы кездері өңірдегі шағын және орта бизнес (ШОБ) өкілдері қоқыс өңдейтін, сұрыптайтын зауыт салуға қызығушылық танытып отыр. Алайда, олар өнеркәсіп ашу үшін түйіні тарқатылмайтын мәселелермен бетпе-бет келеді. Мысалы, «DarynService» ЖШС палата көмегімен қоқыс жинайтын орын ашқан. Арада біраз уақыт өткен соң зауыт басшылығы қоқыс сұрыптайтын өнеркәсіп ашуға ниеттенді. Бірақ, Қарасай ауданында кәсіпкерге жер табылмады. Ал өнеркәсіптік базаны жалға алу шығынын жас кәсіпкер көтере алмайды. Жер учаскелеріне конкурс әкімдіктердің ресми сайттарында жарияланбайды. Сондықтан мемлекет қорындағы жер бизнес өкілдеріне қолжетімсіз.
«Аталған проблеманы шешу үшін қоқыс өңдейтін, сұрыптайтын зауыт салуға арналған орындарды белгілеп, аудандар картасын жасауды ұсынамыз», — деді сарапшы.
Бұл кезеңнен өткен кәсіпкерлер қаржыландыру мәселесіне тап келеді. Жасыл экономиканы қолдауға арналған бағдарламалардың қолданыс аясы тар.
«Жастарға шағын несие беру, «Ауыл Аманаты» бағдарламалары арқылы қоқыс таситын жүк көлігін, сұрыптауға не өңдеуге арналған техника алуға мүмкіндік жоқ. «Даму» қорының екінші деңгейлі банктерге аударған ақша таусылған. Мұндай жағдаймен Еңбекшіқазақ ауданы Бөлек ауылында зауыт салмақ болған жеке кәсіпкер бетпе-бет келді. Бүгінде оның жобасы қаржыландыру тетігін іздеуге байланысты тоқтап тұр», – деді Елена Константинова.
Сондай-ақ ол кәсіпкерлер үшін құжаттарды рәсімдеудің де қиын процесс екенін айтты.
«Алматы облысында қоқыстың 22 пайызы ғана өңделеді. Арнайы 7 полигоннан бөлек, стихиялық аймақтар көбейген. Осыны ескерсек, мәселе өткір тұрғанын аңғаруға болады. Сол себепті кәсіпкерлерге де, тұрғындарға да, жауапты органдарға да тиімді шешім қабылдауымыз қажет», — деді маман.
Естеріңізге сала кетейік, биыл облыс аумағында 210 мың тонна тұрмыстық қатты қалдық жиналып, оның 48 мың тоннасы өңделді.





