Сапар Бесағаш ауылының оңтүстік бөлігін ауызсумен қамтамасыз ету жобасынан басталды. Жалпы құны 5,2 млрд теңгені құрайтын, ұзындығы 31,3 шақырымдық су жүйесінің құрылысы 2024 жылы басталып, биыл аяқталады деп күтілуде. Сыйымдылығы 1 мың текше метрлік резервуар салынып біткен.
Сондай-ақ облыс әкімі «Атлетико де Мадрид» футбол академиясына апаратын 3,3 шақырым жолдың жөндеу жобасымен танысты. Асфальт екі қабатпен төселеді, жұмыстар тамызда басталып, қарашада аяқталуы жоспарланған.
Әкім Азат ауылындағы апатты жағдайдағы мектепке барып, оның орнына 300 орындық жаңа мектеп салу жобасын қолдауға уәде берді. Сонымен қатар, ауылдағы тозығы жеткен сумен жабдықтау жүйесін жаңғыртуға арналған 2,15 млрд теңгелік жобаның іске асырылу қажеттігі айтылды.
Ауыл маңындағы 19 саяжайда тұрып жатқан шамамен 3 мың адам инфрақұрылымнан тыс қалып отыр. Себебі бұл аумақтарға елді мекен мәртебесі берілмеген. Әкімдік саяжайларды Талғар ауданының құрамына қосу мүмкіндігін қарастыруда.
Сапар барысында Балтабай мен Бәйтерек ауылдарындағы апатты көпірлердің жағдайы тексерілді:
Талғар өзеніндегі көпір – 1,41 млрд теңге (65,2 м),
Түрген өзеніндегі көпір – 674 млн теңге (48,95 м).
Көктемгі су тасқынынан зақымданған бұл нысандарды қалпына келтіру жұмыстары кешіктірілмей басталуы тиіс.
Алмалы ауылына апаратын Р-17 «Алматы – Талғар – Евгеньевка» автожолының 3,8 шақырымдық бөлігін жөндеуге 270 млн теңге бөлінеді. Ал Көктөбе округіндегі Төле би ауылында 450 орындық мектеп құрылысы 90%-ға аяқталып, 2025 жылдың қыркүйегінде пайдалануға беріледі.
Облыс әкімінің жұмыс сапары барысында өңірдің әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын жетілдіру бойынша бірқатар маңызды шешімдер қабылданды. Әкім барлық жобалар уақытылы қаржыландырылып, сапалы әрі мерзімінде орындалуы тиіс екенін атап өтті. Бұл бастамалар тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған.





