Жаңа орталық өңірлік Еңбек мобильділігі орталығының базасында құрылды.
Бұл бастама Халықаралық көші-қон ұйымының (ХКҰ) «Орталық Азиядағы еңбек көші-қоны бағдарламасы (1-фаза)» жобасы аясында жүзеге асырылып отыр. Жобаны Швейцарияның даму және ынтымақтастық агенттігі (SDC) қаржыландырады. Іске асыруға Алматы облысы әкімдігі мен өңірлік Еңбек мобильділігі орталығы да белсенді қатысуда.
Орталықтың мақсаты — қауіпсіз және заңды еңбек көші-қонына дайындық
Жаңа орталық шетелде заңды, қауіпсіз және нәтижелі еңбек қызметін атқару үшін азаматтарға қажетті білім мен дағдыларды үйретуге бағытталған. Бағдарлама аясында құқықтық және қаржылық сауаттылық, психологиялық бейімделу, еңбек құқықтары, жұмысқа орналасу тетіктері мен мәдениетаралық коммуникация негіздері қамтылған.
Сондай-ақ орталық Ұлыбританиядағы маусымдық жұмыспен қамту сияқты халықаралық бағдарламаларға қатысушыларды даярлауға ерекше мән беріп отыр. Осы бағытта арнайы оқыту модульдері әзірленуде.
Халықаралық ынтымақтастық тәжірибе алмасуға жол ашты
Қонаев қаласында өңірлік Еңбек мобильділігі орталығының мамандарына арналған оқыту семинары өтті. Іс-шараға Ұлыбритания Елшілігінің экономика және климаттың өзгеруі бөлімі жетекшісі Кэти Коттрелл, елшіліктің экономисі Бибігүл Жұмағужина, ХКҰ бағдарламасының ұлттық үйлестірушісі Светлана Бекмамбетова қатысты.
Семинар барысында қазақстандықтарды маусымдық еңбек бағдарламасына қалай тиімді дайындау, олардың қаржылық сауаттылығын арттыру және шетелге шығу кезіндегі негізгі тәуекелдер мен шешімдер кеңінен талқыланды.
Президент Жолдауындағы міндеттермен сабақтас бастама
Жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған ұлттық көші-қон саясатының негізгі бағыттарымен үндеседі. Жолдауда шетелдегі азаматтардың құқықтарын қорғау, мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіру және халықаралық деңгейде ұлттық мүдделерді ілгерілету қажеттігі атап өтілген болатын.
Ашылу рәсіміне шенеуніктер мен халықаралық ұйым өкілдері қатысты
Қонаев қаласында өткен орталықтың ашылу салтанатына Алматы облысы әкімінің орынбасары, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты Көші-қон комитетінің өкілдері, облыстық жұмыспен қамту басқармасының басшылығы, ХКҰ-ның Қазақстандағы миссия жетекшісі Серхан Актопрак пен субөңірлік еңбек көші-қоны жөніндегі маман Герелтогтох Ганбат қатысты.
Іс-шарада сөз сөйлеген қонақтар бұл жобаның Орталық Азия үшін маңызын атап өтіп, мұндай орталықтарды Қазақстанның басқа өңірлерінде де ашу қажеттігін айтты.
Болашағы зор бастама
Қонаев қаласында ашылған Алдын ала дайындық орталығы еңбек мигранттарын қолдауға бағытталған инфрақұрылымның маңызды буынына айналмақ. Ол еңбек көші-қонына қатысты тәуекелдерді азайтып, қазақстандықтардың халықаралық еңбек нарығына тиімді бейімделуіне жағдай жасайды.
Алдағы уақытта оқыту бағдарламаларын кеңейту, жаңа халықаралық серіктестерді тарту және мигранттарды сүйемелдеудің цифрлық шешімдерін дамыту жоспарланып отыр.





