Бұл бастама еңбек адамының мәртебесін көтеріп, қоғамдағы қарапайым жұмысшылардың еңбегін дәріптеу мақсатында қабылданған маңызды шешім болды.
Осының аясында 2025 жылғы 19 қыркүйекте Алматы облысында Еңбек күніне арналған салтанатты шара өтті. Талғар ауданында «Еңбек жолы», «Парыз – 2025» байқауларының жеңімпаздары және барлық ауданнан келген жұмысшы мамандықтарының үздік өкілдері марапатталды. Оларға алғыс хаттар, дипломдар, облыс әкімі атынан алғыс білдіретін хаттар және ақшалай сертификаттар табысталды.
«Еңбек жолы» байқауы үш номинация бойынша өтті: «Үздік еңбек әулеті», «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері», «Өндірістің үздік жас маманы». Сонымен қатар, «Парыз – 2025» байқауының аймақтық кезеңінің жеңімпаздары да марапатталды. Еңбек ардагерлері мен үздік жұмысшылардың еңбегі ерекше атап өтіліп, 11 адам құрметті наградаларға ие болды.
Салтанатта Талғар ауданы әкімінің орынбасары Айбек Бидаев сөз сөйлеп, еңбек адамдарына жылы лебізін білдірді.
«Баршаңызды еңбек пен бірліктің мерекесі – Еңбек күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мереке – маңдай терімен ел дамуына үлес қосып жүрген әрбір азаматтың күні. Бүгінгі марапат иелері – өз еңбегімен өңірдің дамуына зор үлес қосқан жандар. Сіздердің еңбектеріңіз – жас ұрпаққа үлгі, ал жетістіктеріңіз – қоғамымыздың өркендеуіне жол ашатын құндылық».
Шарада үздік еңбек әулеттері – Әбдірахмановтар, Сайбыровтар, Бәкеновтер марапатталды. Жұмысшы жастардың үздік тәлімгері болып Райымбек ауданынан Жанат Керімбаев, Кеген ауданынан Ернат Інсебаев және Қарасай ауданынан Айман Байсейітова танылды. «Өндірістің үздік жас маманы» атағына Іле ауданынан Дильфуза Бақытжанова, Кеген ауданынан Ермахан Бекмұрат және Алатау қаласынан Дархан Жақаев ие болды. «Парыз – 2025» байқауы бойынша Ұйғыр ауданынан Юлдаш Семятов, Еңбекшіқазақ ауданынан Ұларым Тұрсын, Қонаев қаласынан Ляззат Салықова марапатталды.
Сондай-ақ түрлі салада еңбек етіп жүрген үздік мамандар – кабель дәнекерлеуші, бас инженер, ораушы, желі пайдалану шебері, инженер, тракторшы, электромонтер, су шаруашылығы кәсіпорнының шебері, жүргізуші, аяқ киім жөндеуші және басқа да еңбек адамдарын марапаттау рәсімі өтті.
Бұл күні өңірде бірқатар маңызды шара ұйымдастырылды. «Керуен» жобасы мен бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтіп, оған облыс әкімдігі өкілдері, басқарма басшылары, жоғары оқу орындары мен колледждер, ірі кәсіпорындар және Павлодар мен Алматы облыстарының еңбек мобильділігі орталықтары қатысты. Жастарға кәсіби бағдар беруді көздеген флешмоб «Менің мамандығым – менің болашағым» ұйымдастырылды. Сондай-ақ студенттердің қолөнер, тағам өндірісі, электр жабдықтары, дәнекерлеу ісі, IT және тігін өндірісі бойынша көрмелері мен шеберлік сабақтары өтті.
Айта кетейік, жыл басынан бері Алматы облысында жастарды жұмысшы мамандықтарына тартуға және олардың жұмыспен қамтылуына жәрдемдесуге бағытталған бірқатар іс-шара ұйымдастырылды. Атап айтқанда, 33 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі және 37 ашық есік күндері өткізілді. Оларға 508 жұмыс беруші, 3 008 жұмыс іздеуші (оның ішінде 1 333-і – жас мамандар), 761 мектеп оқушысы, 727 студент қатысты.





