«Электр және жылу энергиясымен қамтамасыз ету мәселелерін шешу — министрліктің негізгі міндеттерінің бірі. Осы жылдың 9 айында өңірде электр энергиясын өндіру көлемі 5,1 млрд. кВтсағ құрады. Бұл ретте өңірде тұтыну 8,9 млрд. кВтсағ құрады», — деді вице-министр.
Оның айтуынша, электр желісінің физикалық тозуы 93% болып отыр.
Алайда, биыл Іле ауданы мен Қонаев қаласының электр желілерін жөндеу үшін 2 млрд 664 млн теңге бөлінген. Оның 516,8 млн теңгесі республикалық бюджеттен болса, қалғаны жергілікті бюджеттен. Жөндеу жұмыстары бойынша жалпы 6 жоба жүзеге асады, оның екеуі «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасының аясында. Нәтижесінде аталған аудан мен облыс орталығындағы 72 шақырымнан астам электр желісі жөнделеді.
Сондай-ақ Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Іле, Қарасай, Талғар, Кеген аудандары мен Қонаев қаласында электр желісін тарту және жаңғырту жұмыстары бойынша 25 жоба жүзеге аспақ.
Бұдан бөлек, «Тарифтерді инвестицияға айырбастау» жобасы шеңберінде Алматы облысында тариф қымбаттаған болатын. Электр энергиясымен қамту бағасы 1 шілдеге дейін 22,18 теңге болса, кейін 24,76 теңге болды. Яғни, «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ-ның көрсететін қызметінің қымбаттауына байланысты тариф 11,63% өсті. Сонымен қатар «Алматыэнергосбыт» ЖШС-де ток бағасы 19,48 теңгеден 19,67 теңгеге көтерілді.





