Министр биылғы 9 айдың қорытындысына тоқталып, саланың бірқатар оң көрсеткіштерге қол жеткізгенін атап өтті. Оның ішінде ең маңызды жаңалық – скринингтік тексерулердің кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетіне енгізілуі.
Ақмарал Әлназарованың айтуынша, енді Қазақстан азаматтары 76 жасқа дейін скринингтік тексерулерді ақысыз өте алады.
«Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген пакетіне онкоскрининг те қосылды. Бұл 300 мың сақтандырылмаған азаматтың да тексеруден өтуіне мүмкіндік береді», – деді министр.
Бұл жаңалық ел арасында ең көп талқыланған жағымды өзгерістердің бірі болды.Кездесу барысында ведомство басшысы жедел-жәрдем қызметін жетілдіру бағытында атқарылған жұмыстарды да баяндады.
– 4-санаттағы жедел шақыртулар алғашқы медициналық-санитарлық көмек деңгейіне берілді;
– мобильдік бригадалар мен call-орталықтар іске қосылды;
– жедел жәрдем жүктемесі 40–50%-ға төмендеді;
– жедел жәрдем кабинеттерінің ашылуы стационарларға түсетін өтініштерді 20%-ға қысқартты.
Министр медициналық сақтандыру жүйесін күшейтуге бағытталған заңнамалық түзетулерді де түсіндірді.
2026 жылдан бастап:
– МӘМС жарналарының есептеу базасы ұлғаяды;
– жүйеге қосымша 200 млрд теңге түседі.
2027 жылдан бастап:
– мемлекет жарналары 2%-дан 4,7%-ға дейін кезең-кезеңімен өседі.
Алматы облысында қазір халықтың 83,2%-ы сақтандырылған, 16,8%-ы сақтандырылмаған. Жұмысты жүйелендіру үшін өңірлік штаб құрылған.
Ақмарал Әлназарова денсаулық сақтау нысандарының инфрақұрылымын жаңғырту, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру жұмыстары жалғасатынын айтты.
«Халықтың сұранысына сай келетін тиімді денсаулық сақтау жүйесін қалыптастыру – басты міндетіміз», – деп қорытындылады министр.
Кездесу барысында тұрғындар өз сұрақтарын қойып, саладағы өзекті мәселелер талқыланды.





