Көгалдандыру акциясы аясында ағаш түптерін өндіріп, сатумен айналысатын кәсіпкерлер шығармашылық орталықтарына, спорт мектептеріне және тағы басқа мекемелерге жас шыбықтарды тегін таратты.

«Әлемде жылдан-жылға ағаштар азайып барады. Бұған себеп ормандардың өртенуі, өндіріске қажетті ағаштардың оталуы, құрғақшылық болып отыр. Экологияға қам жеген адам алдымен өзінен бастауы керек. Міне, бұл — нағыз патриотизм», — дейді Шеңгелді ауылдық округінің тұрғыны Данияр Жүнісов.

Алматы облысы әкімдігі баспасөз қызметінің жетекшісі Ғалымұрат Жүкелдің айтуынша, 2020 жылы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында 5 жыл ішінде орман қорына 2 млрд. және елдімекендерге 15 млн. ағаш отырғызуды тапсырды. Осыған байланысты 2022 жылғы 15 қазан облыстық «ағаш отырғызу күні» болып жарияланды.
Бұған дейін Қонаев қаласы аумағында 3000 түп ағаш отырғызылғанын жазған болатынбыз.






