Енді мектепке дейінгі ұйымдарда балалардың келуін QR-код және Face ID технологиясы арқылы бақылауға болады. Бұл – ата-аналар мен қызметкерлер үшін ашықтық пен қолайлылықты арттырып қана қоймай, облыстық бюджетке де айтарлықтай үнем әкелген жүйе.
Жаңа цифрлық жүйенің арқасында баланың қатысуы автоматты түрде тіркеліп, мәліметтер нақты уақытта ата-аналардың қолжетімділігінде болады. Ең бастысы – деректерді қолдан түзетуге немесе бұрмалауға жол берілмейді. Биометриялық сәйкестендіру негізінде жұмыс істейтін жүйе адами фактор мен алаяқтыққа тосқауыл қояды.
Алматы облысының цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Ақыл Жандос бұл жүйенің маңызын ерекше атап өтті:
«Бұл жай ғана технологиялық жаңалық емес — бұл тәртіп пен ашықтық орнатудың нақты құралы. Жүйе балалардың қатысуын нақты уақытта бақылауға мүмкіндік береді. Қаражатты үнемдеу – цифрландырудың тікелей нәтижесі», – деді ол.
Электрондық табельдеу жүйесі іске қосылған алғашқы бірнеше айдың ішінде 1,2 миллиард теңге бюджет қаражаты үнемделді. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 2 миллиард теңгеден асуы мүмкін деп болжанып отыр.
Жүйенің енгізілуі мектепке дейінгі білім беру мекемелерін оңтайландыруға да ықпал етті. Талдау нәтижесінде тиімділігі төмен 29 жеке балабақша жабылып, оларға жыл сайын бөлініп келген 2 миллиард теңгеден астам қаржы бюджетке қайта бағытталды.
Жаңа жоба цифрлық ашықтық қағидаты негізінде жұмыс істейді және білім беру саласындағы кең ауқымды цифрлық трансформацияның бастауы ретінде қарастырылуда. Басқарма басшысының айтуынша, бұл жүйе өз тиімділігін дәлелдегендіктен, болашақта өзге де салаларға енгізілуі жоспарланып отыр.





