Әкім бұл шешімді Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында түсіндірді. Оның айтуынша, агломерация ішіндегі көлік байланысын жақсарту мақсатында Алматы облысы аумағында радиалды жолдарды ұзарту және жаңа жолайырықтар салу жоспарланған.
«Осыған байланысты Алматы облысы аумағында радиалды жолдарды ұзарту және жолайырықтар салу туралы шешім қабылданды. Бұл жобалар Алматы қаласының бюджеті есебінен жүзеге асырылады. Нәтижесінде Үлкен Алматы айналма автомобиль жолымен көлік байланысы жеделдеп, агломерацияның өзара ықпалдастығы күшейеді», – деді қала әкімі.
Сонымен қатар Дархан Сатыбалды қалада қоғамдық көлік инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жалғасатынын атап өтті. Оның айтуынша, БРТ (жылдам автобус бағыты) желісін кеңейту көзделіп отыр.
«Үш жаңа автобус паркін салу жұмыстары басталды. Автобус жүргізушілерінің қауіпсіздігі мен демалысын қамтамасыз ету үшін 20 тұрақ-айналу алаңы салынады. Сондай-ақ көлікке ауысып мінуге арналған үш торап құрылып, олар қала мен қала маңын байланыстыратын ыңғайлы ауысу нүктелеріне айналады», – деді ол.
Әкімнің мәліметінше, қалада бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылған. Атап айтқанда, Сейфуллин даңғылы мен Жансүгіров көшесінің қиылысындағы жолайырық пайдалануға беріліп, Абай даңғылы ұзартылып, көлік қозғалысы ашылған. Сонымен қатар 35 шақырым жаңа автомобиль жолы салынған, ал 281 шақырым жолға орташа жөндеу жүргізілген.





