Өңірде бірқатар өнімнің бағасы төмендеген. Атап айтқанда, сәбіз – 3,2%, пияз – 1,7%, сиыр еті – 1%, ал күнбағыс майы – 0,1% арзандаған.
Сонымен қатар, картоп (+5,4%), қарақұмық (+1,5%) және сары май (+0,9%) бағасында аздап өсім тіркелді.
Бағаның тұрақтылығын сақтау үшін облыс әкімінің орынбасары Рустам Исатаевтың төрағалығымен ведомствоаралық комиссия жұмыс істейді. Оның құрамына 14 мемлекеттік орган мен ұйым кіреді, соның ішінде кәсіпкерлік басқармасы, тұтынушылар құқығын қорғау департаменті, монополияға қарсы қызмет және «Атамекен» палатасы бар.
Облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Қуаныш Бақытұлының айтуынша, өңірде баға бақылауы электронды форматта жүзеге асырылады.
«Біз күнделікті мониторинг жүргізіп, бағаның шекті деңгейден асып кетпеуін қамтамасыз етеміз. Биыл заң бұзған 27 кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – деді ол.
Баға қадағалау тізіміндегі дүкендер туралы мәліметтер Мемлекеттік кірістер департаментіне жолданып, электронды шот-фактуралар арқылы тауар жеткізу тізбегі бақыланады. Бұл — негізсіз үстеме бағаны болдырмауға мүмкіндік береді.
Экономикалық тергеу департаменті нақты саудамен айналыспайтын компанияларға қатысты материалдарды қарап жатыр. Тексеру нәтижесінде 27 әкімшілік хаттама толтырылып, 98 мың теңге айыппұл салынған.
«Біздің мақсат — жазалау емес, алдын алу. Бизнес өкілдерімен бірлесіп, азық-түлік бағасының тұрақтылығын және халық үшін қолжетімділігін қамтамасыз етуге жұмыс істейміз», – деді Қуаныш Бақытұлы.





