Кездесуде ауыл шаруашылығы саласындағы басты тақырыптар қозғалды. Атап айтқанда:
– агроөнеркәсіп субъектілерін несиелеу кезінде сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау,
– ауыл шаруашылығы жануарларын, техника мен технологиялық жабдықтарды лизинг арқылы алу тетіктері талқыланды.
Қазіргі таңда көптеген шаруашылықтар несиелерін толық мөлшерлемемен өтеуге мәжбүр. Бұл өндірістік шығынның артуына, тиісінше фермерлердің қаржылық жүктемесінің күшеюіне себеп болып отыр.
Кеңес барысында облыс әкімінің орынбасары Бақытнұр Бақытұлы жағдайға түсініктеме берді:
«Қазіргі таңда аталған бағыттағы бағдарлама бойынша бюджеттік қаражат тапшылығы байқалады. Осыған байланысты субсидия төлемдері уақытша шектеліп отыр. Дегенмен, мәселені шешу жолдары қарастырылуда. Шаруаларға қаржылық институттардың орталық аппараттарына — “Аграрлық несие корпорациясы” және “ҚазАгроҚаржы” АҚ-на тікелей жүгініп, қолдау алу мүмкіндігін қарастыру ұсынылады», – деді ол.
Әкімдік өкілдері аграрлық секторды қолдау бағытындағы жұмыстар тоқтамайтынын атап өтті. Саладағы тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін жаңа қаржыландыру тетіктері, субсидиялау және жеңілдетілген лизинг бағыттары пысықталуда.
Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдауға, олардың шығындарын азайтуға және өндірістік әлеуетін арттыруға бағытталған шараларды алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғастыратын болады.





