Бастама Президенттің тапсырмасымен Ауыл шаруашылығы министрлігі, «Астана-20» мемлекеттік қоры және Ұлттық агробиотехнологиялық орталығының қатысуымен іске асуда.
Жобаның жалпы құны 163 миллион теңгені құрайды. Қазіргі таңда Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының «Талғар» өңірлік филиалының базасында 10 гектарлық алғашқы бақ отырғызылды.
Апорт көшеттері Жоңғар Алатауының генетикалық резерваттарынан жиналған Сиверс жабайы алмасының (Malus sieversii) тұқымдарынан алынған телітуші негізге көз арқылы телу (окулировка) әдісімен көбейтілген. Бұған дейін ғалымдар телітуші ретінде жабайы алманың 11 түрін іріктеп алған болатын.
2024–2025 жылдары гермоплазма (тұқым) қорын қалыптастыру мақсатында «Жоңғар Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде екі ғылыми экспедиция ұйымдастырылды.
Алдағы үш жылда «Талғар» филиалының, «Байсерке-Агро» компаниясының, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің және Алматы қаласы әкімдігінің жерлерінде 110 гектар апорт бағы отырғызу жоспарланып отыр.
«Алғашқы өнім 7–8 жылдан кейін алынуы мүмкін», – делінген Ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарламасында.
Жоба аясында инфрақұрылымды жетілдіру жұмыстары жүргізіліп, суару жүйелері жаңартылды, су жинайтын бассейн салынды, аналық және шламдық бақтардың аумағы қоршалды, ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды.
«Талғар» өңірлік филиалының ғалымдары мен биотехнология зертханаларының мамандары алманың вируссыз пребазистік генқорын қалыптастырумен айналысып жатыр. Бұл база болашақта Қазақстанда вируссыз көшет шаруашылығының ғылыми негізделген жүйесін құруға мүмкіндік береді.
Мемлекеттік тапсырыс аясында Ауыл шаруашылығы министрлігі бес құнды сорт пен бес телітушіні сауықтыру жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, EPPO және UPOV халықаралық ұйымдарының ұсынымдарына сәйкес генотиптеу және молекулалық зерттеу жұмыстары атқарылды.
Екі жылға созылған ғылыми еңбектің нәтижесінде вируссыз генқор жасалып, апорт сорттарының генетикалық паспорттары мен морфологиялық сипаттамалары рәсімделді. Сондай-ақ, молекулалық зертханалар толық іске қосылды.
Бұл жұмыстардың нәтижесінде Қазақстан заманауи вируссыз көшет шаруашылығы жүйесіне көшу жолында маңызды қадам жасады.





