Алматы облысында жұмыссыздық деңгейі – 4,6%, ал әйелдер арасындағы көрсеткіш 6%-ды құрайды. Аталған мәселені шешу мақсатында бірқатар шаралар қолға алынған. Мәселен, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Айгүл Ахметованың айтуынша, мансап орталықтары (бұрынғы жұмыспен қамту орталықтары) арқылы жыл басынан тұрақты қызметке 4135 әйел тұрған.
Сондай-ақ:
- қоғамдық жұмысқа 3886,
- жастар практикасына 252,
- әлеуметтк жұмыс орындарына 301,
- алғашқы жұмыс орны жобасына 262,
- күміс жас жобасына 492,
- қысқа мерзімді оқытуға 229 әйел тартылған.
«Бизнес идеяларын іске асыру үшін 400 АЕК көлемінде 149 әйел грант алып, кәсібін ашты. Ал «Жастарға 2,5%-бен шағын несие беру» жобасы аясында 95 әйел 5 миллион теңгеге дейін кредит алды. Әйелдер қауымы көбіне мал шаруашылығы, нан-тоқаш өнімдерін, киім-кешек бұйымдарын өндіру, бау-бақшамен айналысу, сабын, жуғыш заттар шығару үшін шағын несиеге өтінім берген», — деді Айгүл Ахметова.
Жиын барысында отбасылық жанжалдарды шешу және балалы әйелдерге уақытша мекен беру орталықтарын ашу мәселесі де талқыланды. Басқарма басшысының сөзінше, осы бағытта «Жанұя» орталықтары Еңбекшіқазақ, Қарасай, Талғар аудандарында ашылған. Онда 1500-ден астам адам тіркеліп, 388 әйелге ақпараттық-ресурстық қолдау, 181 адамға құқықтық-әдістемелік көмек көрсетіліп, 100 адам базалық тренингтерден, 31 адам оқыту курсынан өткен.
«Қонаев қаласы мен Іле ауданында осындай орталықтар ашылды. Онда қызмет көрсету үшін қаржы бөлінуі қажет болып тұр. Кеген ауданында «Жанұя» орталығын ашу үшін бюджетке өтінім берілді. Ал Жамбыл, Ұйғыр аудандарында бұл жұмыс 2024 жылға, Райымбек, Балқаш аудандарында 2025 жылға жоспарланған», — деді басқарма басшысы.
Айта кетейік, облыста жұмыспен қамту шараларымен 29 325 адам қамтылса, оның 14 738-і әйелдер.





