Жаңа нысандар — фельдшерлік-акушерлік пункттер, медициналық пункттер және ауылдық амбулаториялар. Олар бұған дейін медициналық қызмет жетіспеген ауылдық елді мекендерде ашылды.
Облыстық әкімдіктің мәліметінше, тағы үш нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталып, қазір соңғы келісім беру процедуралары жүргізіліп жатыр.
Жоба жалпы 38 медициналық нысанды қамтиды. Соның ішінде алғашқы 20 объекті қолданысқа берілсе, қалған 15 нысанды жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Қанат Есболатов ауыл тұрғындарын алғашқы медициналық көмекпен қамту басты міндеттердің бірі екенін атап өтті.
«Әрбір ауыл тұрғыны сапалы медициналық көмекті өз үйінің жанынан алуы керек. Сондықтан биыл барлық жоспарланған медициналық нысандарды толық аяқтап, халыққа қолжетімді қызмет көрсетуді қамтамасыз етеміз», – деді ол.
Жобаның жүзеге асырылуы өңірдегі денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғыртып, ауыл тұрғындарының медициналық қызметке қолжетімділігін айтарлықтай арттырмақ.





