Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын анықтау мақсатында Қылмыстық кодекстің 105-бабы («Өзін-өзі өлтіруге итермелеу») бойынша іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Полиция мәліметінше, бала жерленіп қойған. Оның өлімі әлеуметтік желілер мен ауыл тұрғындары арасында үлкен резонанс тудырды. Жергілікті тұрғындар мен көршілер бұл жағдайға отбасындағы қиындықтар себеп болуы мүмкін екенін айтады.
Көршілердің сөзіне қарағанда, отбасы тұрмыстық жағдайы төмен, әлеуметтік осал топқа жататын болған.
«Анасы ішімдікке әуес еді, балалар көбіне қараусыз қалатын. Оқиға болған күні де ол мас болған деген сөз бар. Нақты не болғанын ешкім білмейді», – дейді ауыл тұрғыны Марина Луценко.
Мектеп әкімшілігі де отбасының бақылауда болғанын растады. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы орта мектептің директоры Назгүл Сарымбаева марқұмның сабақты жақсы оқығанын, сыныптастарымен тіл табысып, ешқандай тәртіп бұзушылыққа жол бермегенін айтты.
«Отбасы тұрмыстық жағдайының төмендігіне байланысты есепте тұрған. Ішімдікке салыну туралы ақпарат түскен, бірақ тексеру кезінде ол расталмады. Дегенмен, тұрмыс жағдайы расында ауыр болды», – деді мектеп директоры.
Марқұмның өгей әкесінің туыстары отбасы жайлы айтылған айыптауларды жоққа шығарып отыр.
«Егер біреу оларды ішімдікке салынған деп айтса, құжатпен дәлелдесін. Менің бауырым ішпейтін адам», – деді өгей әкенің әпкесі Елена Маматханова.
Алматы облысының полиция департаменті істің ерекше бақылауда екенін, барлық мән-жайдың мұқият тексеріліп жатқанын хабарлады.
«Тергеу амалдары жүріп жатыр, әрбір дерек зерттеледі. Оқиғаның нақты себептері анықталған соң қоғамға хабарланады», – делінген ресми мәлімдемеде.
Қазіргі уақытта кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау органдары мен әлеуметтік қызметтер отбасыға қатысты қосымша тексеріс жүргізуде.
Бұл жағдай қоғамда жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу, ата-аналық жауапкершілікті арттыру және әлеуметтік бақылау жүйесін күшейту қажеттігі туралы мәселені тағы да өзекті етті.





