Алматы облысы Іле ауданы Байсерке ауылдық округіне қарасты Байсерке ауылында сібір жарасына қатысты бір қорым орналасқан (идентификатор В/04/00061). Аталған қорым жеке меншік жер телімінде, «Транспетролеум» ЖШС аумағында орналасқан. Архивтік деректерге сәйкес, 1958 жылы бір ірі қара мал, ал 1968 жылы екі жылқы жерленген.
Бұл нысанның айналасында радиусы 1000 метр болатын санитарлық-қорғау аймағы белгіленген. Аталған аймақ Байсерке ауылының бір бөлігін және Талғар ауданына қарасты Кіші Байсерке ауылының кейбір жер телімдерін қамтиды. Санитарлық-қорғау аймағына кіретін тұрғын үйлер мен басқа да нысандарды көшіру немесе бұзу мәселесі қарастырылып жатқан жоқ. Қазіргі уақытта, жергілікті тұрғындарға ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.
Мәселені жан-жақты зерделеу және қажетті шараларды анықтау мақсатында Іле ауданы әкімінің 2025 жылдың 6 қазанындағы №8 Өкімімен жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобының төрағасы – аудан әкімінің орынбасары. Топ құрамына аудандық ветеринариялық инспекция мен ветеринария бөлімі, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау бөлімі, жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімдерінің өкілдері, сондай-ақ «Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринария институты» ЖШС-ның ғылыми кеңесшілері, ауылдық округ әкімдігі мен ауыл белсенділері енді.
Қазіргі уақытта жұмыс тобы ғылыми мамандармен бірлесіп зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Топ екі отырыс өткізіп, онда қорымның нақты орналасқан жерін анықтау, санитарлық-қорғау аймағын нақтылау және қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету бойынша ұсыныстар әзірленді.
Архивтік құжаттар мен жиналған деректер талдануда. Қорым мен оның санитарлық-қорғау аймағына қатысты түпкілікті шешім алдағы бір ай ішінде жұмыс тобының қорытынды отырысында қабылданады. Нәтижесінде тиісті шаралар белгіленеді.
Сонымен қатар, Іле ауданы әкімінің 2016 жылдың 8 сәуіріндегі «Аудан аумағындағы сібір жарасы қорымдарының орындарын анықтау туралы» шешіміне тиісті өзгерістер енгізілетін болады.
Фото: profile.ru





