Биыл облыста қысқа дайындық аясында ауқымды жұмыс атқарылды. Барлығы 2,7 шақырым жылу желісі жаңартылып, оның ішінде 2,0 шақырымына күрделі, 0,7 шақырымына ағымдағы жөндеу жүргізілді. Бұл шаралар жылу жүйелерінің тозу деңгейін 42 пайыздан 40 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік бермек.
Сондай-ақ облыстағы 18 орталықтандырылған және 81 блокты-модульді қазандықта жөндеу жұмыстары аяқталып келеді. Жалпы дайындық деңгейі 71 пайызды құрайды. Биылғы маусымға 30 қазандық жөнделді, оның 5-еуіне күрделі, 25-іне ағымдағы жөндеу жасалған.
Энергетика инфрақұрылымын жаңғырту бағытында да жүйелі жұмыстар қолға алынған. Облыс бойынша 148 қосалқы станцияда жөндеу жұмыстары толығымен аяқталып, 1 626 шақырым электр беру желісі жаңартылуда. Соның ішінде 391 шақырымы бюджет қаражаты есебінен (дайындық — 92%), ал 1 235 шақырымы «Алатау Жарық Компаниясы» акционерлік қоғамының инвестициясы есебінен (орындалуы — 100%) жүзеге асуда. Бұл жаңғырту шаралары электр желілерінің тозу деңгейін 72 пайыздан 66 пайызға дейін төмендетеді деп күтілуде.
Халықты отынмен қамтамасыз ету де басты назарда. Биыл өңірге барлығы 696 мың тонна көмір жеткізу жоспарланған. Бүгінгі күнге дейін облысқа 187 мың тонна көмір немесе 2 710 вагон жеткізілді.
Ауа райы жағдайына байланысты жылыту маусымы кейбір аудандарда ертерек басталды. Кеген ауданында — 24 қыркүйектен, Жамбыл ауданында — 1 қазаннан, ал Талғар және Іле аудандарында және Қонаев қаласында — 6 қазаннан бері жылу беріліп келеді. Қалған аудандарда жылу 15 қазанға дейін кезең-кезеңімен беріледі.
Жалпы, биылғы жылыту маусымына дайындық жұмыстары жоспарлы түрде жүргізіліп, облыс тұрғындарының қыс мезгілін жайлы өткізуіне барлық жағдай жасалды. Энергетика және коммуналдық шаруашылық саласындағы жаңғырту шаралары өңірдің инженерлік инфрақұрылымын нығайтып, алдағы суық маусымда тұрақты жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.





