Кездесудің негізгі мақсаты — азаматтарды шетелде жұмыс істеуге заңды түрде дайындау, сондай-ақ еңбек көші-қоны саласындағы өзекті ақпараттармен бөлісу. Шара барысында қатысушыларға қолжетімді бағдарламалар, виза талаптары, еңбек көші-қонының кезеңдері, сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен міндеттері түсіндірілді.
Мамандар заңсыз жұмысқа орналасудың қауіптері мен адам саудасының алдын алу жолдарына ерекше тоқталды. Кездесу аясында Халықаралық көші-қон ұйымының ұлттық бағдарлама қызметкері Светлана Бекмамбетова сөз сөйлеп, IOM-ның Қазақстандағы қызметі мен жүзеге асырып жатқан жобалары туралы баяндады.
Ақпараттық кездесу екі сессиядан тұрды. Алғашқы сессияда шетелге шығу алдындағы дайындықтың негізгі аспектілері қарастырылды. Қатысушылар құжаттарды рәсімдеу, шетелдік жұмыс берушіні тексеру және еңбек шарттарын дұрыс оқу бойынша кеңес алды.
Екінші сессия интерактивті ойын форматындағы тренинг түрінде өтті. Онда нақты өмірлік жағдайлар мысалға алынып, қауіпсіз шешім қабылдау дағдылары пысықталды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, қазіргі таңда Қазақстанда шетелде жұмыс істеуге дайындық орталықтары ашылып, көші-қон қызметтері кезең-кезеңімен цифрландырылып жатыр. Бұл азаматтарға құжат рәсімдеу мен кеңес алу үдерісін едәуір жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Мұндай ақпараттық кездесулер жастардың саналы шешім қабылдауына, заңсыз көші-қонның алдын алуға және шетелде жұмыс істеу кезінде өз құқықтарын қорғауға ықпал етеді. Мамандардың пікірінше, бұл бастамалар қауіпсіз еңбек көші-қонын дамыту жолындағы маңызды қадамдардың бірі.





