Облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, шаруашылықтарда сойылған және тірідей салмақта өткізілген мал мен құстың жалпы еті 218 мың тоннаны құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,1%-ға жоғары. Республикалық жалпы көлемдегі облыстың үлесі 14%, бұл Алматы облысын ел бойынша бірінші орынға шығарып отыр.
Өндіріс құрылымы төмендегідей:
• Құс еті – 113 мың тонна (республикалық көлемнің шамамен 30%-ы). Бұл көрсеткіш облысты республикада 1-орынға шығарды.
• Сиыр еті – 67 мың тонна, нәтижесінде облыс ел бойынша 2-орында.
• Сиыр сүті – 265 мың тонна, өсім 5,2%. Осы көрсеткіш Алматы облысын сүт өндіру бойынша ТОП-3 өңірдің қатарына енгізді.
• Тауық жұмыртқасы – 412 млн дана, бұл да өңірдің Қазақстандағы алдыңғы үштікте екенін көрсетеді.
Мал шаруашылығы бөлімінің бас маманы Олжас Молдатаев ауыл шаруашылығы саласындағы ілгерілеу мемлекет қолдауы мен еңбеккерлердің еңбегімен байланысты екенін атап өтті.
«Алматы облысында мал шаруашылығын қолдау мен дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Соның нәтижесінде ет, сүт және жұмыртқа өндіру көлемі жыл сайын артып келеді. Бұл – ауыл еңбеккерлерінің тынымсыз еңбегі мен мемлекеттік қолдаудың жемісі. Алдағы уақытта өндіріс көлемін ұлғайту, заманауи технологияларды енгізу және өнім сапасын арттыру бойынша жұмыстар жалғасады», – деді ол.
Сарапшылардың айтуынша, оң динамика өңір мал шаруашылығының тұрақты дамып келе жатқанын және Алматы облысының елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды рөлін айқындайды.





