Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті міндеттер және оларды цифрлық трансформация арқылы шешу жолдары» атты Жолдауын талқылауға арналған кеңейтілген отырыста өңірдегі өзгерістер мен алдағы жоспарлар жан-жақты қаралды. Жиынға облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев төрағалық етті.
Өңірде Алатау қаласының инновациялық инфрақұрылымы салынуда, жерді спутниктік бақылау жүйесі енгізілуде, жасанды интеллект құрылыс алаңдарында және су ресурстарын басқаруда қолданылып жатыр. Сондай-ақ өнеркәсіп, логистика, туризм және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салалары жаңа қарқын алуда. Бұл Президент Жолдауындағы цифрландыру мен инновацияға басымдық беру бағыттарымен толық үйлеседі.
Негізгі міндеттердің бірі – инвестиция тарту. Бірнеше айдың ішінде өңірге жарты триллион теңгеден астам қаржы келіп, жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 1 триллион теңгеге жуықтайды деп күтілуде. Әкім Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, инвесторлар үшін ең маңыздысы – ашық ережелер, жедел шешім қабылдау және тиімді кооперация алаңдарының болуы. Бұл міндеттерді Alatau АЭА мен «Қонаев» ӘКК жүзеге асыруда.
Алатау қаласы облыстың инновациялар орталығы әрі «цифрлық полигоны» ретінде қарастырылуда. Мұнда бас жоспар бекітіліп, шағынаудандар қалыптастырылды. Болашақта қалаға ерекше мәртебе беріліп, өзгеше юрисдикция енгізілмек. Алатауда сыналған шешімдер кейін бүкіл облысқа, тіпті ел көлемінде қолданылмақ – «ақылды» ТКШ-дан бастап басқарудың цифрлық платформаларына дейін.
Өңірдің экономикалық іргетасы энергетика мен инфрақұрылымды дамыту арқылы нығаюда. Күн және жел электр станцияларын салу жөнінде ірі меморандумдарға қол қойылды. Бұл бастама Мемлекет басшысы қойған энергетикалық қауіпсіздік міндеттеріне толық сәйкес келеді.
Көлік-логистика саласында Алматы торабының жүктемесін азайтуға басымдық берілуде. «Жетіген – Қазыбек бек» теміржол желісі салынуда, заманауи көлік-логистикалық хаб пен жаңа логистикалық парктер құрылып жатыр. Автожолдардың 95 пайызы жақсы немесе қанағаттанарлық жағдайда болуы жоспарланған.
Ауыл шаруашылығында дәлме-дәл егіншілік пен суды үнемді пайдалану негізгі бағытқа айналуда. Облыс әкімінің орынбасары Рустам Исатаевтың айтуынша, тозған желілердің салдарынан су шығыны көп. Сондықтан арналарды қайта жаңғырту, заманауи суару технологияларын енгізу, пайдаланылмай жатқан жерлерді қайта айналымға қайтару ісі қолға алынған.
«Мемлекет басшысы атап өткендей, бос жатқан ауыл шаруашылығы жерлері инвестиция мен жұмыспен қамтудың орталығына айналуы тиіс. 2026 жылдың ортасына дейін қайтарылған барлық жерлер айналымға енгізіледі», – деді ол.
Бақылау жұмыстарына дрондар, спутниктер және жасанды интеллект белсенді пайдаланылып келеді.
Әлеуметтік салада да жаңа дәуірдің қадамдары айқын. «Болашақ мектептері» салынып, білім беруде жасанды интеллектке басымдық берілуде. Жаңа медициналық нысандар ашылып, әлеуметтік көмек нақты мұқтаж жандарға бағытталуда. Тұрғын үй құрылысы қолжетімділікті арттыруға бағытталса, коммуналдық қызметтер «ақылды» жүйеге біріктірілуде – таза сумен қамтудан бастап газдандыруға дейін.
Туризм саласы да өңір экономикасының маңызды драйвері ретінде дамып келеді. Әсіресе тау кластеріне ерекше назар аударылуда. «Ой-Қарағай» курортына газ тартылып, сыртқы электр желілері жобалануда, туристік базаларға жол салу жоспарланған. Бұл шаралар туристер ағынын жылына 850 мың адамға дейін арттыруға мүмкіндік береді.
Қазірдің өзінде өңірге келушілер саны көбейіп, жаңа курорттар бой көтеріп жатыр. Туризм жаңа жұмыс орындарын ашып, жергілікті халыққа тұрақты табыс әкелуде.
Осылайша, Алматы облысы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған стратегиялық міндеттер аясында жасанды интеллект дәуіріне батыл қадам жасауда. Цифрлық Алатау, жасыл энергетика, заманауи жолдар, жаңа мектептер мен медициналық нысандар, «ақылды» технологиялар – өңірдің алдағы даму бағытын айқындайтын басты тіректер болып отыр.





