Тараптар өңір аумағында балық жемін шығаратын зауыт салу мүмкіндігін талқылады.
Кездесуге Aller Aqua компаниясының бас директоры Андерс Биллинг, TMT Group компаниясының құрылтайшысы Марлен Тұрсынәлі, сондай-ақ ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Серік Сермағамбетов қатысты.
«Алматы облысының мүмкіндіктері өндіріс ашуға өте қолайлы»
Рустам Исатаев өңірдің табиғи және логистикалық артықшылықтары аквакультура саласында ірі жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Облыс үшін инновациялық технологияларды тарту – басым бағыттардың бірі. Aller Aqua компаниясымен серіктестік аквакультура саласының өндірістік әлеуетін арттырып, өңір экономикасына жаңа серпін береді», – деді әкім орынбасары.
70 елге экспорт: Aller Aqua Қазақстан нарығына қызығушылық танытты
Андерс Биллинг компания қызметі туралы айта келе, Aller Aqua өнімдері бүгінде әлемнің 70-тен астам елінде сұранысқа ие екенін жеткізді.
«Біздің зауыттар қай елде орналасса да, сапа стандарттары бірдей. Қазақстан аквакультураны дамытуда елеулі әлеуетке ие, біз бұл үдеріске үлес қосуға дайынбыз», – деді ол.
Қазақстандық шаруашылықтар дат өнімін 10 жылдан бері пайдаланып келеді
TMT Group құрылтайшысы Марлен Тұрсынәлі компанияның Aller Aqua-ның Қазақстандағы ресми дистрибьюторы екенін және жүзден астам отандық балық шаруашылығы дат өнімін қолданатынын айтты.
«Еуропалық технологиялар мен жергілікті жағдайдың үйлесуі жоғары нәтижелер берді. Егер өңірде зауыт ашылса, импортқа тәуелділік азайып, саланың тиімділігі артады», – деді ол.
Балық шаруашылығын дамыту – ұлттық міндет
Комитет төрағасы Серік Сермағамбетов Қазақстандағы балық шаруашылығының өсіп келе жатқанын атап өтті.
«Елімізде су ресурстары мол, ал ішкі нарықтағы сұраныс жылдан жылға артып келеді. Сол себепті жем базасын нығайту өте маңызды. Aller Aqua сияқты тәжірибелі инвесторлардың келуі саланың технологиялық деңгейін көтереді», – деді ол.
Төртжақты меморандумға қол қойылды
Кездесу қорытындысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Балық шаруашылығы комитеті, Алматы облысының әкімдігі, Aller Aqua және TMT Group арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат инвестициялық жобаны бірлесіп іске асыруды, инфрақұрылымды дамытуды және тәжірибе алмасуды қамтиды.
Рустам Исатаев меморандумды саланы дамытудың жаңа кезеңі деп атады.
«Бұл келісім аквакультураға тың серпін береді, шетелдік инвестиция тартуға және мемлекет пен бизнестің тиімді әріптестігін қалыптастыруға жол ашады», – деді ол.





